«Мұзбалақ» мультфильмінің саундтрегіне клип түсірілді

«Мұзбалақ» мультфильмінің саундтрегіне клип түсірілді
Фото: @kazakhfilmstudios.kz

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильміне арнайы жазылған, фильммен аттас әнге клип түсірілді. Музыкалық клиптің режиссерлері ретінде анимациялық фильмнің режиссерлері Тілек Төлеуғазы мен Тұрдыбек Майдан шыққан. Ал операторы – Айдын Мақсат. 

 – Біз Ұшқын Жамалбекті кездейсоқ таңдап отырған жоқпыз. Бізге оның шығармашылығы қатты ұнайды. Оның әндерінде ерекше ұлттық сарын мен бүгінгі заманауи музыкалық тенденциялар байқалады. Оның үстіне Ұшқынның фильмге саундтрек жазуда тәжірибесі мол. Осы орайда біз осындай әнді шығарып берген Ұшқын Жамалбекке және клипті түсіруге көмектескен барша адамға алғыс білдіреміз, - деді клиптің және фильмнің тең-режиссері Тұрдыбек Майдан. 

Лирикалық әнді орындайтын және әннің сөзі мен музыкасын жазып шыққан жас талантты әнші Ұшқын Жамалбек. Сонымен қатар әнді жазуға этно-фольклорлы «Қазсақ» тобы қатысқан. Әнші клиптің авторларымен бұрыннан таныс екенін және студияда ән жазу мен түсірілім барысында да жұмыс істеу ыңғайлы болғанын айтты. 

 – Мен мультфильмді көріп, керемет әсер алдым. Фильм біздің салтымыз және қыран құсын қолға қалай үйреткеніміз туралы баяндайды. Фильмге арнап төрт ән жаздым. Соның біреуіне клип түсіреміз дегенде қатты қуандым, - деді Ұшқын Жамалбек. 

Түсірілген видео анимациялық фильмнің үзінділерімен үйлестіріледі. Аталмыш музыкалық клипті көрермендер жақын арада тамашалай алады. 

Естеріңізге сала кетейік, «Мұзбалақ» атты толықметрлі көркем анимациялық фильмін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірген. Фильм бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайды. 

Екі жыл көлемінде жасалған бұл фильмде 40-қа жуық кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген отандық мамандар істеген. Ұзақтығы 65 минут құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Төлебаев Ерғали Дүйсенұлы, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан. 

Анықтамалық ақпарат: 
Атауы: «Мұзбалақ» 
Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ 
Жанры: толықметрлі анимациялық фильм 
Тілі: қазақ 
Қоюшы-режиссерлері: Тілек Төлеуғазы және Тұрдыбек Майдан 
Сценарий авторлары: Ербол Бораншы, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы, Адай Әбілда 
Қоюшы суретшілері: Адай Әбілда, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы 
Композиторы: Әсет Дәненов 
Монтаж: Тілек Төлеуғазы 
Фильм директоры: Ербол Бораншы 
Дыбыс режиссері: Жеңіс Екпін 
Редакторлар: Жамаш Ержанат, Салтанат Дүнгенбаева 
Мәтін редакторы: Болат Жетекбай

А. Қажиев