Джеймс Бондтың рөлін кім сомдайды?

Джеймс Бондтың рөлін кім сомдайды?
Фото: vk.com

Бонд... Джеймс Бонд...

Естеріңізде болса, Бонд рөлін сомдайтын кезекті актерге қатысты өте көп болжамдар айтылған болатын. Шілде айының басында фильм продюсері Барбара Брокколи 007 агенттің рөлін не әйел адам, не қара нәсілді актер сомдайтынын айтқан еді. Соған орай пікір білдіргендер арасында осыған дейін Бонд рөлін 4 мәрте сомдаған Дэниел Крейгтің жұбайы Рейчел Вайс та бар. Ол: "Әйел суперагенттің қажеті жоқ. Нәзік жандыларға классикалық ер адам рөлдеріне түсуге тырысуды қою керек. Одан, сол деңгейге дейін жете алатындай әйел кейіпкер ойлап тапқан әлдеқайда дұрыс," - деген пікір білдірді. 

Идеяны талқылауға көшкен өнер сүйер қауымға Брокколи ханым: "Бұл фильмдер әрқашан өзі түсірілген заманның болмысын береді. Сол себепті, біз қатып қалған қағида ұстанбаймыз", - деді.

Десе де, бұл жоспар жүзеге аспайтын болды. Өйткені, 007 агентті қайтадан сол Дэниел Крейг сомдайтын болды. Актер алғашында бас тартқанымен, кейін 100 миллион доллар гонорар ұсынатын келісімшартқа қол қойған.

Түрлі буын өкілдерінің сүйікті кейіпкеріне айналған 007 агент туралы кезекті фильмнің түсірілімі Syncopy продюсерлік орталығының иесі Кристофер Нолан басшылығымен жүзеге асырылады деген деректер бар. Джеймс Бонд туралы «Спектр» және  «Скайфолл» аталатын соңғы екі фильмде режиссерлік еткен Сэм Мендес кезекті түсірімнен бас тартқанына қарағанда Нолан туралы ақпарат рас болуы әбден мүмкін. Ноланмен бірге жұмыс істеп үлгерген Том Харди ол туралы былай дейді: «Кристофер — Бонд туралы фильм үшін таптырмас режиссер».

Осыған дейін Ноланның компаниясы 11 фильмге продюсерлік жасады, және солардың 9-ында ғана Критофер режиссер қызметін атқарған болатын. Бұрын-соңды, осы ағылшын барлаушысы туралы фильмдер желісіне иелік ететін Барбара Брокколи мен Майкл Уилсон режиссер ретінде «Шерлок» сериалын түсірген Пол МакГиганды таңдайды деген де ақпарат болған. 

А. Оралқызы