Интерстеллар: Махаббат – уақыт пен кеңістікке қарсы тұратын жалғыз күш

Интерстеллар: Махаббат – уақыт пен кеңістікке қарсы тұратын жалғыз күш
Фото: bycard.by

Осыдан 4 жыл жарыққа шыққан режиссер Кристофер Ноланның ғылыми фантастика жанрындағы «Интерстеллар» фильмінің өзектілігі әлі бірнеше жылдар бойына жоғалмайтын секілді. Әлемдік картинаны адамдар әртүрлі қабылдайды: бірі ғылым тұрғысынан, бірі қиял дейді, енді бірі үшін жан тебірентерлік хикая. Ал, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін анықтау мүмкін емес. Өйткені, фильм – уақыттан тыс әрі кеңістіктен алшақ орналасқан. Ендеше бүгін сіздерге фильмнің сіз бен бізге не ұсынатынын айтатын боламыз. Егер көрген болсаңыз, пікірде ойыңызды қалдырыңыз, көрмесеңіз бұл жазбfдан соң міндетті түрде көруді ұсынамыз. 

Фильмнің сюжеті ең алдымен бізді болашақ жер ғаламшарымен таныстырады: дауыл, шаңды қала, жүгері алқабы. Жейтін азық таусылған, ал, адамзатқа аштан не аурудан өлу қаупі туып тұр. Фильмнің басты кейіпкері Купер екі баланың әкесі, бұрынғы ұшқыш-инженер. Үй елесі деп жүрген әлдекім оларға НАСА-ның жасырын зерттеу орталығының координатасын ұсынады. Оқиға осылай басталады. 

Фильмді көрген соң қара құрдым, уақыт кеңістігі мен ғаламшарлар туралы ақпаратты іздей бастайсыз. Бұл фильм туралы ақпарат іздей отырып мынандай мәлімет таптық. Фильм физик-теоретик Кип Торнның ғылыми жұмысы негізінде түсірілген. Ғалым қара құрдым адамдар өмір сүре алатын өзге ғаламшарға апаратын уақыт кеңістігіне тәуелді жол деген тұжырымға келген. 

Интерстеллар
Сюжетінен бөлек, фильмде музыка өте сәтті таңдалған. Әсіресе, сиқырға толы Ханс Циммердің музыкасы актерлердің ойындары мен оқиға белгілі бір әсер сыйлатындай. 

Ал, ағайынды Ноландардың сценарийі сізді баурап алатыны соншалық – 2 сағат 50 минуттық фильмді бір деммен көріп шығасыз. Физика заңына бағынатын ғылыми терминдер, жан тебірентерлік эмоциялық үйлесімділік, философиялық әзіл мен ойлар әрі сенім мен қиял барлығы сізді еріксіз фильмнің ішіне түсіріп жібереді. 

Кристофер Ноланның биыл Оскар алған «Дюнкерк» фильмі де осындай әсер қалдырған. Бірақ, ол оқиғаның шынайы екенін сезіп отырасыз, ал, бұл жерде фильмдегі бар нәрсе (терминдерден бөлек) ойдан шығарылған жай гипотеза екенін ұқсаңыз да амалсыздан сене бастайсыз. Фильм аяқталар сәт жақындаған сайын сіздің бойыңызды қазір не болады екен деген ой жаулап алады. Фильм аяқталған сәтте көзіңіздегі жасты сүртіп, еркін тыныс алып, қайда отырмын деген ойға келесіз. Сіздің санаңыз бір сәтке сізді ғарышқа апарып келгендей болады.

«Интерстеллар» – ұзақ уақыт талмастан талқылауға тұрарлық фильм. Сонымен қатар, Кристофер Нолан әлемге сыйлаған зияткерлік блокбастер немесе керемет фантастика. Қарап отырып, болашақ әлемді көресіз. Көріп отырып, мына әлемді аман алып қалу үшін адам ретінде мен не істей аламын деп ойлайсыз? Кенеттен сіздің бойыңыздағы «батырлық» синдромы оянып кетеді, санаңыздың түкпірінде жасырынып жатқан адамшылық та оянады. Ал, нағыз фильм тек рахаттану мүмкіндігін сыйлап қана қоймай, сізге ой қалдыруы керек. Демек, бұл – бірнеше жылдар бойы талқыланатын үздік фильм. Тарихта солай қалады.

Т. Есқали