Бестселлер әдеби туындылар бойынша бірнеше сериал түсіріледі

Бестселлер әдеби туындылар бойынша бірнеше сериал түсіріледі
Фото: vk.com

Голливудтың бірнеше кинокомпаниясы 1970-80 жылдары шыққан кітаптар бойынша сериалдар түсіретінін хабарлады.

AMC студиясы мен Би-би-си  Джон Ле Карренің 1983 жылы жарық көрген "Кішкене барабаншы қыз" туындысын экранға икемдеп жатыр. 6 эпизодтан тұрады деп жоспарланған сериал режиссері ретінде кореялық Пак Чхан Ук ("Олдбой", "Үй қызменшісі") таңдалған.

Басты рөлдерді Майкл Шеннон ("Фаренгейт бойынша 451 градус"), Флоренс Пью ("Леди Макбет") мен Александр Скарсгард ("Үлкен кішкене өтірік") сомдайды. Тыңшы туралы роман бұрын бірнеше мәрте экранға шығарылған екен. Оның сюжеттік желісі бойынша "Адал бағбан", "Тыңшы, шық бұл жерден!" фильмдері мен "Түнгі администратор" мини-сериалы түсірілген. 

11 Marzo Film және Palomar компаниялары TMG арнасымен бірлесе италиялық жазушы Умберто Эконың 1980 жылы басылып шыққан "Раушанның есімі" атты алғашқы романы бойынша сериал дайындап жатыр. 8 эпизодты қамтитын туындыға Руперт Эверетт және Джон Туртурро ("Бартон Финк") түседі. Премьерасы 2019 жылдың көктеміне жоспарланған. Ортағасырлық детективті 1986 жылы Жан-Жак Анно экранға алып келді, онда басты рөлдерді атақты Шон Коннери мен Кристиан Слэйтер сомдаған.

Hulu аталатын стримингтік қызмет Джозеф Хеллердің 1961 жылғы "Айла — 22" атты туындысын фильм негізіне алады. Роман Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі бір полк капитанының тағдырынан сыр шертеді. Голливудтың ең көрікті актері Джордж Клуни өзін осы картинаның режиссері ретінде сынап көрмек.

Constantin Film студиясы мен Netflix Патрик Зюскиндтің 1985 жылы шыққан атақты "Парфюмер: Бір кісі өлтірушінің оқиғасы" романының желісі бойынша сериал түсіреді.

Осы аталған Constantin Film компаниясы Ф.Кристиана атымен танымал жазушының автобиографиялық романы негізінде сценарий жазып жатыр. 1978 жылы жарық көрген "Біз, Зоо бекетінің балалары" бұған дейін экранға бір рет шыққан. Драмаға музыкант Дэвид Боуи де түскен екен.

Міне, классика болмаса да, оған уақыт өте жетер-ау деген үміт арттыратын бірнеше прозалық туынды бойынша түсірілгелі жатқан сериалдар тізімі осындай. Оларды экраннан тамашалауды асыға күтеміз.

А. Оралқызы