"Алғашқы ойыншы дайындалсын"

"Алғашқы ойыншы дайындалсын"
Фото: film.ru

29 наурызда Стивен Спилбергтің кино әлемінің фантастика мен шытырман оқиға толы жанрына қайта оралуын "тойлаттық". Өйткені, виртуалды әлем туралы жаңа sci-fiction (ғылыми фантастика) жанрындағы жаңа фильм жарыққа шықты.

2045 жыл. Сіздің ойыңыздағы 2045 жыл қандай? Ұшатын көліктер, ұшатын тұрғын үйлер мен роботтар. Жоқ, бұл фильмде біз бен сіз ойлап жүрген 2045 мүлдем басқаша. Ұшатын көліктер дамып, өзара соғыс болып, әлем қирап қалған. Шынайы әлем адамдар мекендейтін ортадан гөрі қоқыс жәшігіне көбірек ұқсайды. Сондықтан, қарты да, жасы да виртуалды әлем "Оазисте" (OASIS) өмір сүреді. Ең қызығы, виртуалды жүйені құрастырған адам ойыншыларға "Үш сынақтан өтіп, пасха жұмыртқасын тапқан адамға ойынды басқару мүмкіндігін беремін" деген өсиетхат қалдырады.

вв

Фильмнің басты кейіпкері – Уэйд Оуэн Уоттс, виртуалды әлемде Персифаль деген атпен өмір сүреді. Олар виртуалды әлемде ұпай жинап арқылы күндерін көреді. Олардың тапқан табысына олар қару немесе киім сатып алады. Бес жылдан бері барлық ойыншы пасха жұмыртқасын алуға бар амал жасап бағады. Бұның барлығы біз бен сізге беймәлім әлемде. "Жалғыз" жауынгер атанған Персифаль пасха жұмыртқасын іздеуде жанына серік керек етпейді. Дегенмен, фильмнің барысында жалғыз әрекет жасау мүмкін емес екенін ұғынасыз. Бұл – фильмнің бірінші ерекшілігі. Беретін сабағы: Жалғыз ойыншы жеңіс мәресіне жете алмайды.

Персифальдің виртуалды әлемде араласатын жақын досы бар – Эйч. Кейін қатарларына Артемида (Персифальдің сүйіктісі), Сё және Дайто қосылады.

Алғашқы сынақтан Персифаль сүрінбей өтеді. Оған оның үздіксіз зерттеуі мен ойын құрастырушысына деген қызығушылығы көмектеседі.

ыы

Екінші сабақ: Жауыз адамдар қай әлемде болмасын жауыз күйінде қалады. Оған дәлел – IOI корпорациясының басшысы Нолан Соррентоның пасха жұмыртқасын іздеу барысында неше түрлі қулықты пайдалануы. Нолан шынайы өмірде OASIS негізін қалаған Холлидейдің қол астында жұмыс істеген.

ее

Үшінші сабақ: Виртуалды әлем қанша жерден керемет болса да, адамдар шынайы өмірдің барын ұмытпауы тиіс. Фильмді көріп шыққаннан соң осындай қорытындыға келесіз.

Фильмде Стивен Кингтің атауы аталып, 1980, 1990, 2000 және 2010 жылдардың поп әлеміне назар аударады. Фильмде DC әлемінің кейіпкерлері, суперқаһармандар, "Вязов көшесінде қорқыныш" атты фильмдегі Фредди Крюгердің, «Tomb Raider» ойындар желісінегі Лара Крофтің есімдері аталып, түрлі көліктердің маркалары мен әлемді бағындырған әлгілі музыканттардың әуендері ойналады. Одан бөлек, «God of War» ойынан Кратос, «Uncharted» бөлімінен Нейтан Дрейк бейнесіне сілтеме жасалады.

Спилберг өзінің бұрынғы фильмдері 1980 жылдардағы поп-мәдениетінің маңызды бөлігін құрағанын және туындауы мүмкін қиындықтар мен айыптардан қашу мақсатсында өзінің түсірген фильмдеріне сілтеме жасауды ұйғарғанын сұқбатында айтқан болатын.

еее

Фильмге кімдер ат салысқан?
Режиссері – Стивен Спилберг. "Шиндлер тізімі", "Линкольн" секілді фильмдері бар. Ал, сценарийін жазғандар – Зак Пенн және Эрнест Клайн. Зак Пенн осы уақытқа дейін "Инспектор Гаджет", "Люди Икс" секілді фильмдердің сценариін жазса, Эрнест Клайн – "Алғашқы ойыншы дайындалсын" атты ғылыми фантастика жанрындағы роман авторы.

Басты рөлдерде ойнайтын Тай Кейл Шеридан сіздерге "Люди Икс: Апокалипсис" фильміндегі Скотт Саммерс немесе Циклоп есімімен таныс. Ал, екінші басты кейіпкер Оливия Кук талай сынға ұшырағын хоррор жанрындағы "Уиджи: Доска Дьявола" атты фильмде басты рөлді сомдаған болатын.

Бұл фильмде қос актер де өздерінің шеберліктерін сынап қоймай, көрерменге ойларын жеткізе алған сынды. Өйткені, олардың бойынан жасандылық немесе өрескел қателіктер байқалмады.

вв

Фильм қарауға тұрарлық па?
Әрине. Егер сізге ойын әлемі, виртуалды әлем қызық болса, онда міндетті түрде көріңіз. Екі сағат қырық минутыңыз текке кетпейді. Болашағыңызды не күтіп тұрғанын ойлап шығасыз. Біз виртуалды әлемді көрдік. Саябақтарға бара қалсақ, VR көзілдірігін киіп алған жастардың 5 минут шыңғырып, секіріп жатқанын көріп, күліп қайтасыз. Ал, болашақта 5 минут жылға жылжитынын білесіз бе? Виртуалды әлемде сіз мына өмірде жасай алмағаныңызды іске асыра аласыз. Бірақ, шынайы әлем "шіріп" жатса, виртуалды әлемнің керегі қанша?

Т. Есқали