"Жабайы Батыс әлемі" сериалының екінші маусымы шығады

"Жабайы Батыс әлемі" сериалының екінші маусымы шығады
Фото: vk.com

Әдетте, вестерн стиліндегі фильмдер осындай прериялар, атыс-шабыс, адами құндылықтар, намыс пен махаббат сында тақырыптар шеңберінде құрылады. Оқиға XIX ғасырдың екінші жартысында Жабайы Батыста, яғни, қазіргі АҚШ-тың батыс штаттарында, Батыс Канада мен Мексика жерінде болады.

Алғашында әдеби жанр ретінде пайда болған вестерн кинематография саласында тұтас бір дәуірді қамтыды. Ал, Клинт Иствуд, Джон Уэйн мен Гэри Купер сомдаған кейіпкерлер нағыз классикаға айналды. Көпшіліктің сүйікті режиссері, айрықша дарын иесі Тарантино осы жанрда жұмыс істегенді ұнатады. Оның соңғы екі фильмі вестерн бағытының барлық талаптарына сай келеді.

2016 жылы америкалық HBO көрермен қошеметіне бөленген Westworld ("Жабайы Батыс әлемі") сериалы шықты. Оның культті сериалға айналғаны сонша, алдағы уақытта оның стилистикасы мен атмосферасына сай америкалық аттракциондар желісі ашылып, адамдар шынайы өмірде өздерін нағыз ковбой мен оның құрбысы сияқты сезіне алады.

Енді бұл ғылыми-фантастикалық сериалдың екінші маусымы шыққалы жатыр. Батыс басылымдары трейлер мен бірнеше суреттерін жүктеді. Назар сала қарасаңыз, Жабайы Батыс тұрғындары мен заманауи роботтар арасындағы күреске құрылған сюжет негізінде түсірілгенге ұқсайды.

А. Оралқызы