Аль Капоне туралы фильм шығады

Аль Капоне туралы фильм шығады
Фото: vk.com

Гангстерлер. Чикаго. Қылмыс.

Осы сөздерді естіген адамның ойына бірден Аль Капоне бейнесі оралады және де гангстерлік романтикалық сарындағы кинематографиялық кадр. Енді сондай атмосферадағы фильмдер қатары тағы бір картинамен толықпақ.

Ал, рөл кімге бұйырады?

Актер Том Харди осыған дейін ойдан шығарылған қылмыскерлерді сомдап келген еді. Енді, міне, аты жер жаһанға мәшһүр нағыз гангстер Аль Капоненің рөлі бұйырды. Хардидің "Фонзо" фильмінің түсірілім алаңынан салған фотосуреті 2016 жылы пайда болған болжамның (ол кезде Батыс басылымдары Капонені сомдау Хардиге бұйыратынын айтқан) дұрыс болғанын көрсетеді.

Суретте Том Капоненің қалпағын ұстап отыр. Астында "Фонзоны аңду...", – деген жазу қалдырған. Фильмнің соңғы кадры болса керек. Актердің беті мен мойнындағы тыртық кейіпкердің Аль Капоне екенін тағы бір дәлелдегендей. Режиссер Джош Транктың картинасы қашан үлкен экрандарға жол табары әзірге белгісіз.

А. Оралқызы