Звягинцевке Paramount компаниясынан ұсыныс түсті

Звягинцевке Paramount компаниясынан ұсыныс түсті
Фото: afisha.ru

«Оскар» марапатына ұсынылған  Звягинцевті чилилік Себастьян Лелио мен оның «Фантастикалық әйелі» басып озса да, талантты ресейлік режиссер ұтымды ұсыныстардан құр қалмағанға ұқсайды. Себебі атақты Paramount компаниясы Андрей Звягинцевтің келесі жобасына қолдау көрсететін болды.

Батыстық басылымдар хабарлауы бойынша, Paramount Television Александр Роднянский мен Андрей Звягинцев жобасының түсірілімін бастан-аяқ жүзеге асырады. Сценарийді режиссер әдеттегідей Олег Негинмен бірлесе жазады.

Картинаның сюжеті әзірге жария етілмегенмен, оның психологиялық триллер жанрында түсірілетіні белгілі. Бірінші маусым 10 эпизодтан тұрады. Бұл Paramount сынды ірі америкалық студияның Звягинцевпен жүзеге асыратын алғашқы жобасы болмақ.  

Естеріңізге сала кетейік, біз осыған дейін "Оскар" иегері, екі мәрте "Алтын пальма бұтағын" алған режиссер Михаэль Ханекенің ("Махаббат", "Пианист қыз") де сериал түсіруге көшетінін хабарлаған едік. Өз мансабындағы алғашқы телесериалын "Келвиннің кітабы" атаған. Аталған жоба UFA Fiction мен Fremantle Media сұранысы болып шықты. Бұрын аталған продакшн "Жас әке" сериалын түсіру үшін атақты Паоло Соррентиноны шақырған еді. Ал, Ханекемен бірге сериал жұмысына Нико Хофманн мен Бенджамин Бенедикт те араласатын болды. Сериал 10 эпизодтан тұрады. "10 телефильм мен 12 кинокартинадан кейін менің, ең болмағанда, бір рет ақиқатты айтқым келеді", – дейді Ханеке сериалдағы жұмысы туралы.

А. Оралқызы