«Жас Годар» картинасы режиссерінің кинематография туралы ойлары

«Жас Годар» картинасы режиссерінің кинематография туралы ойлары

Жақында прокатқа шыққан «Жас Годар» картинасы режиссері берген сұхбаттардан оның кинематография мен Годар туралы ойларын іріктеп, назарларыңызға ұсынамыз.

Жалпы, жоғарыда атап өткен картинада Францияға өзгерістер легі келген 1967 жыл көрсетіледі. Кинематографиядағы  «жаңа толқын» өкілі, тіпті, апостолы Жан-Люк Годар осы кезеңде студенттер мен маоизм туралы фильмін түсіреді. Картина түсірілімі кезінде актриса Анна Вяземскимен танысады, кейін ол шебердің музасына айналады. Қарапайым әрі интеллигентті сұлу да әр сәт сайын Годардың данышпандығына тәнті болады.

«Жас Годар» кинокартинасының сюжеттік желісіне де арқау болған осы актрисаның Годар туралы естелік кітабы еді. «Жыл өткен соң» деп аталатын туынды оның кинематография майталманымен болған отбасылық өмірінен сыр шертеді. Бір қызығы, кітап қоюшы режиссердің қолына кездейсоқ түскен. Пойызға кешігіп қалғандықтан, қолына түскен естелік кітапшаны парақтап отырып киносценарийге идея алыпты. Анна ханым да жазушы Франсуа Мориактың немересі болған соң, суреткерліктен кенде емес боп шықты.  


Бұл картинаны түсірген
Мишель Хазанавичус фильм туралы: «Годар мен туралы фильм түсергеннен гөрі, мен ол туралы түсіргенім дұрыс болды,» - деп қалжыңдайды.

Мишель Хазанавичустың осы туынды мен жалпы Годар туралы әңгімелеген сұхбаттарында былай дейді: «Мен еркіндіксүйгіш адаммын. Бұл өте маңызды. Жасым 50-де, яғни, енді көп дегенде  6 не 7 картина ғана түсіретін шығармын. Сондықтан, оларға сюжет пен тақырып таңдау барысында нағыз еркін адам болу өте маңызды. Годарға қатысты да солай. Көпшілік ол туралы айтудан, фильм түсіруден қорқады деген қате пікір. Олар Годарды сыйлайды. Бар гәп осыда. Менің фильмім – Годар туралы карикатура. Алайда, ол қатыгез, сыни дүние емес, керісінше, өте нәзік әрі романтикаға толы. Ол мүлдем Годар стиліндегі картина емес. Себебі, Жан Люк менің орнымда болса, ешқашан бір-бірін романтикалық сезім байланыстыратын адамдарды басты мәселе етіп алмас еді... Мен өзімді кинематография әлемінің революционері ретінде санамаймын. Менің осыған қатысты қияли ойларым болған, бірақ есейе келе, ойымды өзгерттім. Жағдайы жоғары деңгейдегі елдерден шыққан адамдар өздерін революционер ретінде көрсетіп жатса, мен оған сенбеймін. Ол жалған. Революция маңызды емес. Бастысы, қателіктерді түзеу. Мысалы, мен 25 жыл бұрын көрерменді күлдіремін деп мәнсіз қалжыңдарды көп қосатынмын. Қазір соны дұрыстауға тырысып бағамын».

А. Оралқызы