Арнольд Шварценеггер үнді фильміне түскісі келеді

Арнольд Шварценеггер үнді фильміне түскісі келеді

Голливуд жұлдызы әрі Калифорнияның бұрынғы губернаторы Арнольд Шварценеггер саясаттан біраз демалайын деді ме, киноға оралу тойын Үндістанға сапар жасауымен атап өткен секілді.

Мұнымен қатар, ол дәл осы сапарында Болливуд киноөндірісінің қандай да бір фильміне түсуге қуана-қуана келіспек ниетті екенін жасырмады деп хабарлайды «Интерфакс» ақпараттық агенттігі. Арнольд өз сөзінде Үндістанда жылына 700 фильм түсірілетінін, ал Америкада мұндай көп фильм түсірілмейтінін айтып, өз таңданысын білдіріп өтті.

Бұл үшін ол аталған киноөндірушілерден сапалы сценарий мен білікті режиссер талап ететін көрінеді. Десек те, үндістандық журналистер фильмде би болатынын және билеуге қалай қарайтынын сұраған кезде, «темір Арни» өз аузына қақпақ қойып үлгерді. Қандай да бір үнді фильмі бисіз кино түсірмейтінін ескерсек, салмақты «жұлдызымызға» бұл ауыр сын болғалы тұр.

Ал тағы бір аңыз-актер Сильвестор Сталоне Акшай Кумармен бірге «Жүрек соғады» атты үлкен блокбастерінің эпизодтық рөліне түсу туралы шешім жасапты. Айта кететін бір жәйт, бұл фильм Голливуд-Болливуд бірлестігінің алғашқы туындысы деп биыл Канн фестивалінде жария етілген болатын.

 Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: soulcry.name

А. Құлтай