Талантты қос актер бір-бірінің атақты рөлдерін сомдады

Талантты қос актер бір-бірінің атақты рөлдерін сомдады
Фото: vk.com

Америка жұртшылығы ғана емес, барша әлем сүйіп қарайтын Ellen шоуында актриса Мерил Стрип пен бізге Форест Гамп рөлі арқылы таныс Том Хэнкс қонақта болды. Олардың бірге шақырылуына екеуінің де "Оскарға" үмітті "Құпия құжаттама" фильмінде ойнауы себеп болды. Даңқты кинематограф Стивен Спилбергтің картинасы "Пентагон құжаттары" деген атпен танылған тарихи оқиғаға негізделген.

Картина сюжеті Америка қорғаныс мекемесінің Вьетнам соғысындағы АҚШ рөлін зерттеген бірнеше жылдық жұмыстарының журналистер қолына түсуін баяндайды. 1971 жылы The New York Times пен The Washington Post басылымдары құжат үзінділерін барша жұртқа жария еткен еді. Мақала "Америка-Вьетнам қатынастары, 1945-1967: Зерттеу" деген атаумен жарық көрген. Нәтижесінде билік пен журналистер арасында үлкен текетірес басталды.

Аталған картинада Том Хэнкс The Washington Post басылымының редакторы Бен Брэдлиді, ал Мэрил Стрип болса, ірі бұқаралық ақпарат құралын басқарған алғашқы әйел – Кей Грэм есімді шығарушы редактор рөлін сомдайды. Картина түсіріліміне Элисон Бри, Дэвид Кросс, Боб Оденкёрк, Сара Полсон, Джесси Племонс, Майкл Стулбарг және Брэдли Уитфорд сынды актерлер жұмылдырылды.

Сонымен, жоғарыда атап өткен Эллен Дедженерес шоуында Мерил Стрип Форрест Гампты сомдап көрерменмен қоса, Том Хэнкстің өзін де тәнті етті. Ал, Том Хэнкс болса, Мерил Стриптың "The Devil Wears Prada" ("Мыстан Prada ғана киеді") картинасындағы аса тәкаппар Миранда Пристли есімді кейіпкерін дәл жеткізуге тырысты. Олардың нағыз актер екеніне барша әлем тағы да куә болды.

Ал, Сіз осыған дейін 20 рет Оскарға ұсынылған Стрип биыл ең беделді марапатты қанжығасына байлайды деп сенесіз бе?

А. Оралқызы