«Фаренгейт бойынша 451°» – жаңа экранизацияда

«Фаренгейт бойынша 451°» – жаңа экранизацияда
Фото: vk.com

Жазушы Рэй Брэдберидің «Фаренгейт бойынша 451°» аталатын антиутопиялық романы тағы да үлкен экранға жол тартатын болды.

Бұрын HBO арнасы фильмнің негізгі кейіпкерлерін сомдайтын актерлерді анықтап, түсірілімге кірісіп кеткенін хабарлаған едік. Енді дайын картинаның тизері жарық көрді.

Кинокартинаның режиссері және сценарисі Рамин Барани болады («99 үй»). Сценарист көмекшісі қызметін атқаратын Амир Надери («99 үй», «Вегас: болған оқиға») фильм желісі түпнұсқаға максималды түрде жақын болатынын айтты. Басты рөлді, яғни, Гай Монтэг есімді кейіпкерді Майкл Б. Джорджан («Таңғажайып төрттік», «Крид: Рокки мұрасы») сомдайды. Монтэгтің басшысы, брандмейстер Биттидің рөлін Майкл Шеннон («Темірден жасалған адам») ойнайды.

"Фаренгейт бойынша 451 градус" – фантаст Рэй Брэдберидің 1953 шыққан туындысы. Роман эпиграфында қағаздың тұтану температурасы – 451 °F (233 °C) деп көрсетілген. Кітапта тұтунышылық ойдан әрі аса алмайтын моральдық тұрғыдан жұпыны қоғам өмірі сипатталады. Мұндай ортада кітап сақтау қылмыс ретінде бағаланып, ұшқыр ойлылар заң бұзушы деген түсінік орын алған. «Фаренгейт бойынша 451°» – күллі әлемдегі ең көп сатылатын және оқылатын кітап.

Романда өрт сөндіруші кейпкер ойлана келе, билік адамдарды ең құнды дүние, білім көзі саналатын кітаптан айырып, олардың ойлау қабілетін төмендететін телевизиялық шоулар қарауға итермелейтінін байқайды. Қазіргі заманның да өзекті мәселесіне айналған бұл құбылыс туралы кино көпшілікке ой салары анық.

Естеріңізге сала кетейік, аталған роман осыған дейін бір рет ғана 1966 жылы экранизацияланған болатын.

А. Оралқызы