Кино көрген кезде нені ескеру керек?

Кино көрген кезде нені ескеру керек?
Фото: cloudpro.co.uk

Бәріміз кино көргенді жақсы көреміз. Кітап оқу арқылы оқылған әрбір сөзді санада сәулелендірсек, кино көз алдымызда сюжет ұсынады. Сіз киноны қалай көресіз? Сюжет үшін әлде қызықты кейіпкерлер үшін? Жалпыға ортақ кеңес ретінде сіздерге кино көрген кезде ескеру керек бірнеше қағиданы ұсынамыз. 

Қызықты кино болса, атын ғана біліңіз

Көпшілік ортада біреу көрген киносын айтып, мақтай бастаса, атын ғана сұрап алыңыз және ешқандай ізденіс жасай көріп шығыңыз. Себебі кинодағы сюжеттер адамды аяқ астынан ерекше бір күйге түсіру үшін ойластырылады. Ал барлық сюжеті айтылып қойса, көрудің мәні де жоқ. Мәселен белгілі бір фильмнің кітабын оқып кейін сюжетін көру анау айтқанда қызық бола қоймас. 

Әрбір затқа мән беріңіз 

Кино бастала салған кездегі әрбір жазу, режиссер, актерлер мен актрисаларға мән беріңіз. Бұл сіздің кино көрудегі ынтаңызды көрсетеді. Кино жүріп жатқан кезде тек бір затқа қадалып, соны негіз қылып алмаңыз. Себебі қызықтың бәрі сіз қарап тұрған заттан басқа нәрседе болады. Режиссер кейде фильмнің ең кереметін көрермен байқамайтын бұйымдарға жасырады. 

Кейіпкерлер бойынан өзіңізді көріңіз 

Кино бастала салып, әрбір кейіпкерге мән беріңіз. Себебі сіз өзіңізді көресіз. Іздейсіз. Сіз сол кейіпкерге ұқсауға тырысасыз. Бұл – ең керек қағида. Сондықтан өзіңіздің кейіпкер киген киімге, шаш үлгісіне, түріне, бойына жалпы толыққанды мән беріңіз. 

Киноны екінші рет көру керек 

Кейде белгілі бір кітапты екі рет оқыған кезде барып түсінесіз. Тіпті бірінші оқыған кезден екінші оқыған сәтте басқа сезім аласыз. Дәл сол секілді бірінші көрген кезде киноны ешқандай сараптама жасамай көріңіз. Бұл ләззат үшін. Ал екінші рет көрген кезде киноның ерекшелігі, режиссердің мықтылығын көруге талпыныңыз. 

Кинодағы диалогтарға назар аударыңыз 

Көптеген режиссерлер кейіпкерлер арасындағы диалогтарға ұлы тұлғалардың, шешендердің сөздерін қоса отырып, ерекше бір сөзаралық байланыс жасайды. Сізге әрбір диалогты қалт жібермей көрген дұрыс. Тіпті ұнағанын түртіп қойыңыз. Бұл өте маңызды. 

М. Ақан