Жұмыссыз қалған жігіт аты шулы жоба жасады

Жұмыссыз қалған жігіт аты шулы жоба жасады
Фото: vk.com

Фотограф Брэндон Стэнтонның жұртты шулатқан "Нью-Йорк адамдары" жобасы экранизацияланды. Деректі фильмді автордың өзі түсірген. Сериал 30 минуттық 12 эпизодтан тұрады. "Айвэйвэй: Ешқашан кешірім сұрама", "Анимацияланған өмір" сынды фильмдермен жұмыс істеген танымал Джули Голдман осы жобаның продюсері ретінде таңдалған.

Жоба алғаш рет  2010 жылы  Брэндон Стэнтон жұмыссыз қалып, Нью-Йорк шаһарына көшкен кезінен басталған. "Үлкен алма" деген лақап атпен танымал арман қалада серуендей жүріп Брэндон жолында кездескен адамдарды суретке түсіруді әдетке айналдырған. Уақыт өте келе автор суреттерге фотоаппарат нысанына айналған адам туралы шағын мәлімет беріп отыратын болған. Ал, 2015 жылы Брэндон "Нью-Йорк адамдары" атты кітап шығарды. Ол сол жылдың өзінде Америка құрама штаттарындағы №1 бестселлерге айналды.

"Менің ойымша, деректі сериал – менің жобамның логикалық жалғасы. Мен сериалмен 4 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Түсірілімге 400 күн уақытым кетті. 1200 адамнан сұхбат алдым",– дейді фотограф.

А. Оралқызы