Классикалық балет туралы үздік 5 фильм

Классикалық балет туралы үздік 5 фильм
Фото: vk.com

Балет – шабыт, балет – муза...

Десек те, классикалық балет туралы фильмдер қатары өте аз. Бұл, ең алдымен, балет бишісін сомдауға қауқары жететін актерлердің аз болуынан орын алатын жағдай.

Алайда кинематографтағы саны аз болса да, сапасы жоғары туындылар кез келген көрерменді бей-жай қалдырмайды.

«Қызыл кебіс» («The Red Shoes») 1948

Классикалық балет туралы фильмдер қатарын бастап тұрған «Қызыл кебіс» фильмі өнердің қаншалықты сұлу болса, соншалықты қатал құбылыс екенін көрсететін терең туынды.

Оқиға желісі бойынша труппа жетекшісі Виктория есімді примаға арнап ажалын би өнеріне деген шексіз махаббатынан тапқан балерина туралы қойылым жазады. Басты кейіпкер екі оттың ортасында қалады. Бірі – жанымен сүйген өнері, екіншісі – одан артық болмаса, кем көрмейтін өмірлік махаббаты.

Майкл Пауэлл мен Эмерик Прессбургердің фильмі өнер әлемінің нағыз шынайы болмысын ашады. Жалпы, аталған туынды балетті би ретінде айтарлықтай мінсіз көрсете алған сирек фильм.

«Бұрылыс» («The Turning Point») 1977

Ширли Маклейн кейіпкері – отбасы үшін өнерді тастап кеткен балерина. Қызы есейіп, би үйірмесіне бара бастаған кезде басты кейіпкер кезінде өзімен бірге өнер жолын бастап, сол жолды ештеңеге айырбастамаған құрбысын жолықтырады.

Қос құрбының бірі екіншісінің отбасына қызықса, екіншісі алғашқысының өнердегі мінсіз мансабын қызғанады. Осылайша, олардың бойын пендешілік жаулайды.

Герберт Росс түсірген фильм 11 номинация бойынша «Оскар» марапатына ұсынылады, бір өкініштісі, туынды олардың бірде-біреуіне қол жеткізе алмады.  

«Нижинский» 1980 

Бұл фильмді де жоғарыда атап өткен Герберт Росс түсірген. Фильм Вацлав Нижинский туралы байопик, яғни, биографиялық кинокартина. Сценарий балет орындаушысының күнделігі негізінде жазылған.  

«Ақ түндер» («Белые ночи») 1985 

Аталған фильмнің басты кейіпкері Николай Родченко есімді балет орындаушысы Отанын тастап, Батысқа қашып кетеді. ҰҚК оны қайтаруға тырысып бағады.

Режиссер Тейлор Хэкфорд фильм түсіріліміне Джеральдин Пэйдж, Изабелла Росселлини, Грегори Хайнс сынды керемет актерлер тобын жұмылдырған.

«Үлкен сахна» («Center Stage») 2000

Реалити-шоу-жобаға жақын фильм америкалық балет академиясының 12 студентінің өмірі туралы сыр шертеді. Британиялық театр режиссері Николас Хитнердің туындысы жасөспірімдердің психологиясына терең саяхат жасайды.

А. Оралқызы