«Көбелектің түсі» атты түрік фильмі Астанада көрсетіледі

«Көбелектің түсі» атты түрік фильмі Астанада көрсетіледі
Фото: newsgram.com

Биылғы жылы бауырлас екі ел Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толып отыр. Осы атаулы оқиғаға орай, Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен «Айлық түрік фильмдері күні» шарасы аясында 20 мамыр күні «Көбелектің түсі» атты кино туындыны Астана халқына ұсынады.

Атаулы шара осыдан 2 ай бұрын басталған еді. Наурыз айынды «Соңғы хат», сәуір айында «Ұзақ хикая» атты фильмдер Астаналықтарға тарту етілді.

2013 жылы түсірілген «Көбелектің түсі» фильмінің сценаристі және режиссері – Йылмаз Ердоган. Басты рольдерді Қазақстанда кеңінен танымал түрік актерлер Кыванч Татлытуг пен Мерт Фырат сомдаған. Фильмнің оқиғасы Түркияның Зонгулдак қаласында тұратын жас ақындар Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услуның төңірегінде өрбиді. Сол кезеңде ақындар білім алған «Мехмет Челикер» лицейінде әдебиет пәні мұғалімі болып жұмыс істеген Бехчет Недажигилдің ролін атақты түрік актер Йылмаз Ердоган ойнаған.

Атап өту керек, фильм 2013 жылы 86- Академиялық сыйлық комиссиясы тарапынан «шет тілдегі ең үздік фильм» номинациясы бойынша Түркия атынан Оскар сыйлығына ұсынылды.

Фильмде 1941 жылдары болған оқиғалар баяндалады. Екі жас ақын Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услу Зонгулдактағы көмір шахтасында жұмыс істейді. Екеуі де әдебиетке етене жақын. Жас Түркия мемлекеті жаңадан модернизациялану кезеңін бастан өткеріп жатқан 1940 жылдары Европада II. Дүниежүзілік соғыс жалғасуда. Осындай ауыр кезеңде екі жас ақын құрт ауруына шалдығады. Бірақ ауыртпашылықтарға қарамастан қос ақын өз орталарында поэзияны насихаттап, әдебиетке деген халықтың қызығушылығын туғызу үшін жандарын салуда. Музаффер фильмдегі басқа бір кейіпкер әкімнің қызы Сузан Өзсойға ғашық болады. Алайда, құрт ауруы жастардың денсаулығына үлкен қауіп туғызуда. Осы және басқа себептерге байланысты Сузанның ата –анасы қыздарының олармен дос болуына қарсы...

20 мамырда сағат 17.00-де «Керуен» ОСО Кинопарктың 4 залында көрсетілетін фильмді Астана тұрғындары мен қала қонақтары ақысыз тамашалай алады.

Ж. Жұмағұлов