Мағжан ақынның тағдыры жайлы кино түсіріліп жатыр

Мағжан ақынның тағдыры жайлы кино түсіріліп жатыр

«Естимісің, тағдыр» атты фильм Петропавлда түсірілім жұмыстарын бастап кетті деп хабарлайды «Новости-Казахстан» агенттігінің директоры Ғалия Тушкина. Жоспар бойынша, аталған фильм жыл соңына дейін өз көрерменіне жол тартады.

Петропавл қаласында жұмысын бастап кеткен «Тұран-Фильм» түсіру тобы 15 күннің ішінде Мағжан Жұмабаевтың туған жері Сарытомар ауылында болады. Ал негізгі түсірілім Алматы облысында жалғаспақ. Сценарий авторы әрі фильм режиссері Марат Қоңыровтың айтуынша, туынды хроникалық қойылым жанрында, яғни ескі кадрларға жаңа әртістерді компьютерлік бағдарлама арқылы қою арқылы түсірілуде. Рөлдерге адам таңдалғанда, кастинг жұмыстары өте ауыр болғанға ұқсайды. Тарихи тұлғаға барынша ұқсас адам табу күрделі мәселеге айналыпты. Мағжанның өмір жолындағы төрт кезеңді Едіге Абдрахманов, Мейіржан Бейсембеков, Дархан Қалиев және Дулыға Ақмолда сомдайды.

Фильмде Мағжанның «Алаш» партиясын құрудағы рөлі, Горький атындағы әдебиет институтында оқуы, Мәскеу және Ташкент қалаларында өмір сүрген кезеңі баяндалады. Фильм қазақ тілінде жарыққа шықпақ. Кейіннен оны орыс және ағылшын тіліне аудару жоспарлануда.

Марат Қоңыров, жазушы, сценарист:

- Біз Мағжан сияқты тұлғаға арнап фильм түсіруді көпке кешіктірдік. Жалпы мәдениетімізге сіңірген еңбегі мен қайраткерлігін көбіміз біле бермейміз. Мағжанның кеңестік кеңістікте баспадан өткізілмей тасталған еңбектері көп. Шығармашылығы әліге дейін беймәлім. Осы фильм арқылы біз Мағжанның шығармашылығына қарсы шыққан өз арамыздағы сатқындардың бетпердесін ашуға тырыстық.

Дайындаған: Ардақ ҚҰЛТАЙ

Сурет: kaz-patriot.kz

А. Құлтай