"Троялық" Ахиллес сақ тайпасынан шыққан ба?

Кино әлемінде өзіндік тарихи құндылығымен ойып тұрып орын алатын «Троя» фильмі көпшіліктің көңілінен шыға білді. Ондағы басты кейіпкер – Ахиллес. Кейіпкерді сомдаушы Голливуд жұлдызы Брэд Питт екені белгілі.

Ахиллес немесе Ахилл турасында әлем ғалымдары арасында дау туды. Себебі грек мифологиясында кездесетін батырдың түбін біреулер гректің аңыздық желісіндегі кейіпкер ретінде ғана берсе, бір топ ғалым оны скиф тайпасынан, яғни сақтан шыққан дейді.

«Ахиллес сақ тайпасынан шыққан»: тарих не дейді?

Грек мифологиясы құдайлар мен жартылай құдай келбетіндегі адамдарға толы. Олар үшін теңіздің, көктің, жердің құдайлары болды. Адам санасынан шыққан осынау түрлі мифтер арқасында грек мифологиясы орнықты. Осы тұстағы құбыжықтармен шайқас, кентаврлармен айқас грек аңыздарында сақтармен болған шайқастан кейін пайда болған дейді.  Оған себеп жоқ емес, сақтардың атпен атой салып шабуыл жасауы, сол кездегі алғашқы жылқының көрінісі грек үшін кентавр бейнесін жасады.

Тағы бір таңғаларлық тарихи дерек, 1260 жылы Мәсіх дүниеге келмей тұрғанға дейін скиф гректерді осы Троя жерінде қоршауға алған. Грек тарихшысы Аррианның айтуынша, Пелея құдай мен Фетид құдай ананың баласы Ахиллес – Азов теңізінде дүниеге келген сақ батыры.

"Ахилл сақ тайпасынан емес, грек арасында өсті" деген мәліметке тарихшылар мынадай дерек келтіреді: «сақ тайпасы арасындағы тәкаппарлығы мен менмендігі үшін Ахилл тайпасынан қуылған және грек арасына барып пана тапқан». Ал Арриан оның нақ скиф екенін былай суреттейді: «сары шашты, көк көзді және қайтпас қайсарлығы – скифке тән мінез бен келбет». Оның үстіне Ахилл әрдайым сақ тайпасының шекпенін жамылып жүретін болған.

Ал оның сақ тайпасынан шықпағанын дәлелдеуге тырысқан ғалымдар оны тек сақ даласынан келген, бірақ түбі грек мифологиясындағы нағыз батыр деп бейнелейді. Ол саққа қарағанда катафрактарларға ұқсайды. Оның сақ болуы тіптен мүмкін емес деген секілді кері болжамдар да жасалған.

Тарих – үлкен дау мен шексіз пікір алаңына айналған ғылым. Себебі нақты дерексіз ешқандай жәдігерді құнды не құнсыз деп ажырата алмаймыз. Сондықтан әлем ғалымдарының екі жақты пікірін тек болжам деп қарастыра аламыз. Дегенмен Ахилл немесе Ахиллестің сақ тайпасынан шығуы турасындағы дерек енді Орта Азия ғалымдарын да елең еткізері әрі зерделеуге ынталарын ашары анық.

Тұла бойы жартылай құдай болған Ахиллестің ажалы өкшесіне қадалған садақтан болғанын айта кету керек.