"Евразия" кинофестивалінде бас жүлде ешкімге бұйырмады

"Евразия" кинофестивалінде бас жүлде ешкімге бұйырмады

Соңғы күндері Алматыда өткен "Евразия" кинофестивалі бас жүлдесіз қалды, деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Бұл құрамында қазақстандық режиссер Әмір Қарақұлов бар халықаралық әділ-қазылардың шешімі екен.

Жыл сайын өтетін шараның жабылу салтанатында байқаудың президенті Ермек Аманшаев «бас жүлденің ешкімге бұйырмағанын» айтты. Бірақ оның салмақты себептерін айтып жатпастан, бұл қазылардың төрелігімен шешілген шешім екенін хабарлады. Былтыр осы жүлдемен отандық режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов пен жапондық режиссер Сано Синдзюдің бірлесіп түсірген «Найзағай алдында» кинокартинасы марапатталған еді.

Бұл жылғы байқауға Европа, Азия, Орта Азия мемлекеттерінен 12 фильм қатысуға ниет білдіріп, оның тек 11-і ғана байқауда бақ сынасты. Фестивальге бір-екі күн қалғанда ресейлік "Аңшылық" картинасы көрсетілімге дайын емес екендігін алға тарта отырып, байқау сынынан қалыс қалды. Ал Қазақстан атынан «Кішкентай» және «Студент» кинофильмдері көрсетілді. Ең үздік режиссерлік жұмыс сыйлығына («Болашақ мәңгілікке жалғасады» атты кинофильмімен) түрік режиссері ие болды. Бұл сыйлық екі режиссерге теңдей бөлініп сыйланды. «Элис» атты француздық туындының режиссері де осы сыйлыққа ие болды. Дәрежан Өмірбаевтың "Студенті" де сыйлықсыз қалмады.

Байқаудың дәстүрлі шарты бойынша сайыстың шымылдығы жеңімпаз болған кинокартинаның көрсетілімімен жабылуы керек еді. Бас жүлдені иеленген фильм болмаған соң, қонақтардың назарына "Жаужүрек мың бала" кинофильмі ұсынылды. 

Естеріңізге сала кетсек, 17 қыркүйек күні кинофестиваль шымылдығы Әмір Қарақұловтың «Виртуальды махаббат» картинасымен ашылған болатын.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: new.namba.kz

А. Әбілхан