Венсен Перес Қазақстанға қайта келгісі келеді

Венсен Перес Қазақстанға қайта келгісі келеді

Алматыға "Еуразия" кинофестивалі аясында келген Швейцариялық актер Венсан Перес Қазақстанда фотосессия ұйымдастырғысы келетіндігін айтты. "Мен Қазақстанға актер және фотограф ретінде тағы да келгім келеді", - деді ол баспасөз-мәслихатында.

Қазақстандықтарды өте тартымды әрі сымбатты халық деп есептейтіндігін айта келе, актер "Қазақфильммен" бірігіп жұмыс жасағысы келетіндігін жасырмады. Киностудия президенті өз кезегінде бұл ойды қолдайтындығын білдіріп, жақын арада аталған мәселе туралы нақтырақ сөйлесуге ниет танытты.

Актер Венсен Перес 1964 жылы Лозаннада дүниеге келді. Жастайынан суретші болуды армандаса да, 18 жасында Францияға көшіп барып актерлік шеберлік факультетіне оқуға түсті. Сонда фотограф болып жұмыс істеді. Оқу оқып жүріп "Түн күзетшісі" фильміне түсті. 1995 жылы Микеланджело Антониони мен Вим Вендерстың "Бұлттар арасында" картинасында басты рөлдердің бірін сомдағаннан кейін актер әлемге танымал болды. "Қарға 2: Періштелер қаласы" фильмінен соң Перес әлем халқының санасында беки түсті.

Айта кетелік, "Еуразия" кинофестивалі Алматыда 17 қыркүйектен бері өтіп жатыр. Шараның жабылу салтанаты бүгін, яғни, 21 қыркүйек күні өтеді. Ұйымдастырушылар конкурстың жеңімпаздарын жария етіп, бағалы сыйлықтар табыс ететін болады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

Фото ©Роза Есенкулова