"Киелі мекен" фильмі Халықаралық фильмдер байқауында марапатталды

"Киелі мекен" фильмі Халықаралық фильмдер байқауында марапатталды

Францияның Канны қаласында өткен Халықаралық «Cannes Corporate Media & TV Awards» деректі фильмдер байқауында қазақстандық «Киелі мекен» деректі фильмі әділқазылардың арнайы дипломымен марапатталып, «Үздік деректі фильм», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік саундтрек» номинацияларында аталып өтті.  

Жыл сайын өткізілетін бұл байқауға биыл Қазақстан тұңғыш рет қатысты. «Киелі мекен» деректі фильмі өткен жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Бәйтерек» корпоративтік қорының тапсырысымен түсірілген. Фильмнің оқиға желісіне ел тәуелсіздігінің 20 жылдығының аясында атқарылған дүниелер, қол жеткізген жетістіктер, болашаққа деген сенімдер, нақты кейіпкерлердің тағдырлары арқау болған. Басты мақсат – фильм арқылы қазақ халқының тыныс-тіршілігі, кәсібилігі мен алға деген ұмтылысын көрсету.


Фильмнің режиссері әрі продюсері Бауыржан Жансейітовтың айтуы бойынша, фильмге деген зор ықылас оның сапалылы үшін ғана емес, фестиваль ұйымдастырушыларының Қазақстанға деген қызығушылығы мен құрметінен көрінген. 35 мемлекеттен 660 фильм қатысқан байқауда арнайы марапатқа ие болған «Киелі мекен» фильмі әділқазылардың ғана емес, байқау көрермендерінің көңілінен шыға білді.

Бір қызығы, фильмнің түсіру тобы байқауға қатысуға тапсырыс бермеген. Фестиваль ұйымдастырушылары ғаламтор арқылы фильмді тамашалап, түсіру тобына шақыру хат жіберіп, өздері хабарласқан. Фильм сценарийінің авторы Гауһар Керімованың пікірінше, тұңғыш рет қатысып, көзге түсу қазақ киносы үшін үлкен жетістік болып табылады.

Халықаралық фестиваль демеушісі әйгілі «Fujitsu» компаниясының өтініші бойынша «Киелі мекен» фильмі қазан айының 18-19 аралығында өтетін «Cannes Corporate Media & TV Awards» байқауының марапаттау рәсімі кезінде көрсетілетін болады.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: bnews.kz, inform.kz

Ғ. Ұзақ