«Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі Францияда көрсетіледі

 «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі Францияда көрсетіледі
Фото: Қазақфильм

ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі Францияның Онфлёр қаласында қарашаның 22-27 күндері аралығында өтетін XXIV Ресейлік кино фестивалінде (Festival du Cinema Russe) «Ерекше құбылыс» бағдарламасы аясында көрсетіледі. Фильмнің режиссері – Сергей Снежкин.

Фестивальдің ұйымдастырушылары: Ресей Федерациясының мәдениет министрлігі, Франциядағы Ресей Федерациясының елшілігі, «Мосфильм» киноконцерні, Кальвадос Бас кеңесі және Кальвадос мәдени жобалар департаменті. 

Ресей киносының фестивалі әлемнің түкпір-түкпірінен танымал киногерлердің қатысуымен өтетін ең ауқымды фестивальдердің бірі. Биыл фестиваль аясында Ресей, Қазақстан, Франция және АҚШ елдерінен іріктелген 26 фильм көрсетіледі. Қазылар алқасының төрағасы – жазушы және продюсер Фредерик Бегбедер. Сонымен қатар, фестивальдің үздіктерін продюсер Мэй Шен Шале, Сирьель Клэр, Криста Тере, Виктори Оллокуи және киносыншы Филипп Руйе анықтайды.

Естеріңізге сала кетсек, аталмыш фильмнің тұсаукесері 2016 жылы сәуірде Астана қаласында өтті. Картина Мәскеу қаласындағы «Кино үйінде» және Ресей Федерациясының мәдениет министрлігінде, сонымен қатар Халықаралық Жібек жолы кинофестивалінде арнайы көрсетілген болатын.

«Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмі 26 қараша сағат 14:00-де «Henri-Jeanson» кинотеатрында француз тіліндегі субтитрімен көрсетіледі.

Ж. Жұмағұлов