Елбасы "Қазақ елі" кинофильмінің көрсетілімін тамашалады

Елбасы "Қазақ елі" кинофильмінің көрсетілімін тамашалады
Фото: kaz.tengrinews.kz

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақ елі" кинофильмінің көрсетілімін тамашалады.

Елбасының өзі идея авторы болып саналатын киноэпопея Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" акционерлік қоғамының киностудиясында түсірілген.

Қазақстандық жаңа тарихи кинотуындыға қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясының бірінші кітабы - "Алмас қылыш" романы негіз болған. Фильмдегі оқиғалар XV ғасырда өрбиді. Оған Жәнібек пен Керей хандар тұсындағы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы барысындағы басты оқиғалар арқау болады.

Көп сериялы тележоба жұмысына республикадағы танымал киноматографистер - қоюшы режиссер Рүстем Әбдірашев, сценаристер Смағұл Елубаев пен Тимур Жақсыбеков атсалысты. Жалпы, бұл фильмді түсіру жұмысына 500 адам тартылған.

Айта кетейік, "Қазақ елі" туындысы таяу арада жалпыұлттық прокатқа шығарылады.

B. ZHAQSYMBET