«Талан» көркем фильмінің түсірілімі басталды

«Талан» көркем фильмінің түсірілімі басталды
Фото: Қазақфильм

2016 жылдың 26 қазан күні бір топ журналистер қауымы режиссер Болат Қалымбетовтың «Талан» атты толықметражды көркем фильмінің түсірілім алаңында болды. Фильм Қазақстан Республикасының 25 – жылдық мерейтойына орайластырылған. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ өндіріске жіберген. Бүгінгі таңда түсірілім жұмыстарының жартысы түсірілген. Алда әлі екі апта түсірілім жұмыстары бар.

Түсірілім алаңында болған журналистермен кездесу барысында Болат Қалымбетов фильм жайлы ойымен бөлісті: Бұл фильм тарихымыздың ең қиын кезеңдері –жиырмасыншы ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдарында орын алған оқиғаларды қарапайым адамдардың өмірі арқылы суреттейді. Фильмнің мақсаты сол замандағы адам бейнесін экранда көрсету.

Фильмнің сценариі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» повесінің желісі бойынша жазылған. Кинофильм тарихымыздағы аса күрделі кезеңді адам болмысының құбылысы арқылы танытқысы келеді.

Тағдырдың жазуымен бар өмірін елден жасырын өткізген адамның ортамен байланысы ақыры трагедиямен аяқталады. Осындай талайлы тағдырлар арқылы азаттық аңсаған ата-бабаларымыздың арманы – тәуелсіздіктің қадір-қасиеті көрінеді. Талан – тағдырдың синонимі.

Ж. Жұмағұлов