"Тараз" фильмінен кейін

"Тараз" фильмінен кейін
Фото: Tengrinews.kz

Тағдыр әркімнің алақанында әртүрлі сызылған. Бірі әке-шешесінен айрылып, атасының қолында тәрбиеленеді, бірі ауру анасын қарап, інісін тәрбиелеп жүреді, бірі әйелінен ажырасып, өз баласының өзгені «Көке» деп жүргенін көреді, бірі амал жоқтықтан үйленіп, өзінің де, өзгенің де бағын байлайды, ал біреуі жүргізуші болса да, шаңырағын асырап, тыныш өмір сүреді.

Нұртас Адамбайдың "Тараз" атты шытырман оқиғалы мелодрамасынан қиын тағдырды және олардың ұштасатын тұсын көруге болады. Оның алдыңғы фильмдерінен ерекшелігі де – осы. Біраз сынға қалған көңілді фильмдерінен кейін бір айда түсірілген "Тараз" фильмі көпті сабасына түсіре алатындай. Бұл – кеше Нұртас Адамбайдың "Тараз" фильмінің жабық көрсетілімінен кейінгі ой.

Фильмнің ұтқан тұсы – сценарийі мен оны шебер тірілте білген актерлік құрам. Сапардың (Е.Дайыров) өжеттілігін, Айдардың (Н.Адамбай) туралығын, Асанның (А.Мәжит) мінезін, Айжанның (Г.Жоланова) пәктігін, жүргізушінің адалдығын таңдалған актерлер еш қиындықсыз алып шыққаны көрініп-ақ тұр.

Фильмді тамашалап, "Кемедегінің жаны бір" деу орынды. 5 түрлі мінездің, 5 түрлі тағдырдың аяқ астынан бір шұңқырға түсуі, күш-жігерді жинап одан шығудың жолын іздеуі көрсетіледі.

Қоғамдағы шындықтың, әлеуметтік жағдайдың, отбасыдағы тәрбиенің, көше тәрбиесінің мысалдарын тінін шығармай көрсеткенін аңғарымпаз көрермен тез тани алады. Балаға әрқашан сенім арту керектігі, жетістіктерге демеусіз жетуге болатындығы, әкенің орнын өзгенің баса алмайтындығы, құзырлы органның араласа алмайтын тірліктері фильм желісінде көрініп отырады. "Анаға апарар жол" фильмін көрген адам аталған фильмдегі Жолдастың «қызық» өлімі секілді кей жағдайларды осы туындыдан да көріп, ішін тырнауы мүмкін.

Бұл фильм көркем әдебиетке енсе, новелла жанрында жазылар еді. Неге десеңіз... Көрген соң түсінерсіз.    

Г. Берік