Әуезовтің әңгімесі бойынша мультфильм түсірілді

Әуезовтің әңгімесі бойынша мультфильм түсірілді
Фото: скриншот

Белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің "Көксерек" әңгімесінің желісі бойынша мультфильм түсірілді. Бұндай жаңалықты Салтан Сайранұлы есімді фейсбук қолданушысы жазды. 

«KADAM» студиясы түсірген мультфильм 15 минутқа созылады. Туындыны Сұлтан Жұмабекұлы, Мейіржан Сандыбай және Әділбек Баян есімді студент жастар жасап шығарған. «Байқоңыр» атты жас кинематографистердің қысқа метражды фильмдері кинофестиваліне қатысып үлгерген көрінеді. 

«Мультипликациялық фильмдердің шымылдығы осы «Көксерекпен» түрілді. Сөз жоқ, мультфильм керемет шыққан. Жігіттердің «Warner bros», «Walt Disney Pictures», «Pixar» секілді студиялардың ізін басып келе жатқан жас буындар екеніне көзім жетті. Өте талантты, шебер, өнерлі. Бұл жігіттер әлі университет студенттері. Бірақ шығармалары қаншама жылдық тәжірибесі бар шеберлерден асып түспесе, кем түспейді», - дейді жазба авторы.

Сондай-ақ, мультфильмнің балаларға үлкен тәлім-тәрбие беретінін айта келе,  «Балапан», тіпті «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетуге тұрарлық екенін сөз етеді. Он бес минуттық мультфильм үшін 21 мың 600 картина салынған екен. 

Мультфильмнің ресми трейлерін назарларыңызға ұсынамыз:

Н. Айдархан