«Шұжықтар сауық кеші» мультфильміне барасыз ба?

«Шұжықтар сауық кеші» мультфильміне барасыз ба?
Фото: www.themovieguys.net

6 қыркүйек күні Meloman компаниясы ұйымдастыруымен Алматы қаласы «Bekmambetov Cinema» кинотеатрында «Шұжықтар сауық кеші» («Sausage Party») мультфильмінің арнайы көрсетілімі өтті,- деп хабарлайды Massaget.kz сайтының тілшісі.

Адамның қиялында шек жоқ. Гүлдермен, кітаптармен кәдімгі адам секілді тілдесетіндерді білеміз. Ал бізге күнделікті азық болып, бойға қуат беретін тағамдар сөйлей алса, не дер еді? Елестетіп көріп пе едіңіз?

Балалармен қатар ересектерге де арналған атақты «Шрек», «Мадагаскар» мультфильмдеріне режиссерлік еткен Конрад Вернон бұл жолы балаларға мүлде көруге болмайтын мультфильм шығарыпты.

Оқиға супермаркеттегі жүгері бастаған барлық тағамның әнұран айтуымен басталады. Олар адамдарды құдай санап, өзін сатып алғаны үшін бақытты сезінеді. Бірақ «адам-құдайдың» құзырына түскеннен кейін не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Білгендеріне білместер сенбейді.

Тағамдардың көзін ашып, сөзіне сендіріп, айтқанына көндіру үшін бас кейіпкер шұжықша Френк қолынан келгенін аянбайды.

Оған супермаркет сөресінде тұрғаннан ғашық болып, көңіл жарастырған бөлке нан Бренда көмектесіп, екеуінің махаббаты бәрін жеңеді. Махаббат демекші, мультфильмде сіз күтпеген кадрлер көрініс беруі мүмкін. Өзіңіз көріңіз. 

Комедия жанрындағы мультфильм 7 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрынан «Полный расколбас» атауымен көрсетіледі.

@. @assel_assanova