Отандық кинематографияның үздіктері анықталды

Отандық кинематографияның үздіктері анықталды
Фото: baistars.kz

Алматыда отандық кинематографиядағы үздіктер анықталды. Қазақстанның киносыншылар Ассоциациясы жыл сайынғы өтетін «Сыншылар таңдауы - 2016» марапаттау салтанатын өткізді.

«Біздің таңдауымыздағы басты шарт - фильм 2015 жылы прокатта болуы. 2015 жылы Қазақстанда мұндай фильмдердің саны 21 болды. Сол 21 фильмнің ішінде 13-і номинацияға түсті. Бүгінгі таңда сыншылар Ассоциациясында 7 адам бар және дәл осылар таңдау жасады. Олар: Гүлнәр Әбікеева, Карим Қадырбаев, Дмитрий Мостовой, Төлеген Байтүкенов, Олег Борецкий, Инна Смаилова және Ольга Малышева. Біз жыл бойы барлық фильмдерді бақылауда ұстаймыз. Прокатқа шыққан және фестивальдерге қатысып жатқан отандық киноөнімдерді қадағалаймыз. Былтырғы жылға қарағанда номинация жағынан сапалы өзгерістер орын алды. Нақтырақ айтқанда, «Үздік дебют» номинациясы жойылып, «Фильмге жазылған үздік әуен» номинациясы пайда болды. Ассоциация біртіндеп кеңейеді деген ойдамыз. Жыл бойы осы олқылықтарды ойластырдық», - деді журналист, Қазақстанның сыншылар Ассоциациясының мүшесі Ольга Малышева.

Осылайша жүлделер келесідей тағайындалды:

Үздік фильм - «Шлагбаум» драмасы

Үздік фильм - комедия, боевик, экшн «Свадьба на троих»

Үздік режиссер - Асқар Ұзабаев - «Жол»

Үздік сценарий - Ерлан Нұрмұхамбетов - «Ореховое дерево»

Үздік оператор - Азамат Дулатов - «Жол»

Үздік қоюшы-суретші - Александр Ророкин - «Жат»

Үздік әйел адам рөлі - Аружан Джазильбекова - «Свадьба на троих»

Үздік ер адам рөлі - Еркебұлан Дайыров - «Шлагбаум»

Екінші пландағы үздік әйел адам рөлі - Роза Хайруллина - «Жат»

Екінші пландағы үздік ер адам рөлі - Димаш Ахимов - «Жол»

Фильмге жазылған үздік әуен - Әлім Заиров, Роман Вишневский - «Шлагбаум»

Үздік ән - Марсель - «Бұл өмiрде» («Побег из аула. Операция Махаббат»).

Дереккөз: baistars.kz

Ө. Сансызбай