Қазақстанға "Трояның" режиссері қонақ болады

Қазақстанға "Трояның" режиссері қонақ болады

VIII "Еуразия" кинофестивалінде қазылар алқасының төрағасы қызметін Вольфганг Петерсен атқарады. Режиссер әлем киномандарына "Троя", "Адуынды дауыл" (Идеальный шторм), "Пойсейдон" фильмдерімен танымал екендігін айта кетелік. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлады.

Петерсон, сонымен қатар, елімізде бірнеше мастер-класс өткізуді жоспарлап отыр.

Айта кетелік, Қазақстан тарапынан қазылық қылуға режиссер Әмір Қарақұлов ұсынылды. Оның "Виртуалды махаббат" картинасы аталған кинофестивальде ел назарына ұсынылатын болады. Басты рөлдерде Бибігүл Сүйіншалиева мен Артур Смольянинов өнер көрсеткен жастар драмасының желісі виртуалды және реал кеңістікте өрбиді. 

Фестивальде қазақстандық 16 лента көрсетілетін болады. Бұл фильмдердің барлығы 2011 жылдың қыркүйегі мен 2012 жылдың қыркүйек айының арасында түсіріліп біткен туындылар. "Еуразияда" қазақстандық режиссер Ахат Ибраевтың фэнтэзи жанрында түсірілген дебюттік "Аңызар кітабы: құпиялы орман" картинасының көрсетілетінін айтпай кетуге болмайды. Бір қызығы туынды авторы компьютерлік графика жұмыстарын жасауда екі жыл бойы тек отандық мамандармен жұмыс жасапты.

Шараның конкурстық бағдарламасына Еуропа, Азия, ТМД елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің 12 картинасы енбек.

Осы жылғы фестивальдің бір ерекшелігі Грекия және Түркия елдерімен орнатылатын телекөпір болып отыр. Конкурстан тыс бағдарлама аясында Грекия тарапынан Йоргас Лантимостың "Азу тіс", Оливье Орленің "Пеликан", Бабис Макридистің "Л" картиналары ұсынылмақ. Түркия өз кезегінде Есим Устауглуның "Пандора жәшігі", Семих Капланоглуның "Мал", Рех Эрдемның "Ғарыш", Дервиз Займның "Көлеңкелер мен келбеттер", Юксел Аксудың "Экотопия" туындылары көрсетіледі деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетелік, VIII "Еуразия" кинофестивалі үстіміздегі жылдағы қыркүйек айының 17-22 аралығында өтеді.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: tengrinews.kz