Жуырда «Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы» фильмін қазақ тілінде көре аласыздар

Жуырда «Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы» фильмін қазақ тілінде көре аласыздар
Фото: Баспасөз қызметі

2015 жылдың 17 желтоқсанында Алматы қаласының Kinopark 11 IMAX Esentai Mall кинотеатрында және Астана қаласының Kinopark 11 IMAX Керуен кинотеатрында алғаш рет қазақ тілінде ұсынылып отырған, аты аңызға айналған «Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы» ғарыш сагасының тұсаукесер көрсетілімдері өтеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

«Жұлдызды соғыстар» эпопеясының жетінші эпизоды  қазақ тіліне дубляждалған 13-голливудтық жоба және 2015 жылдың 4-кинопремьерасы. Әйгілі голливудтық фильмдерді қазақ тіліне аудару жобасының негізгі мақсаты  замануи технологиялар мен аты әйгілі голливудтық фильмдер арқылы мемлекеттік тілді дамытып, өскелең ұрпақ арасында фильмдерді қазақ тілінде көру әдетін қалыптастыру.

Дубляж жұмыстары «Araymediagroup» студиясында «Болашақ» қауымдастығының ұйымдастыруымен, Алматы қаласы әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясының және «MARWIN» компаниясының қолдауымен жүзеге асты. Дубляж режиссері қызметін Тимур Балымбетов атқарды. Бұл фильм режиссер үшін «Галактика қорғаушылары» мен «Кек алушылардан» кейінгі үшінші жоба болды. Рольдерді дубляждауға республикалық театрлардың актерлері қатысты  Шахмұрат Ордабаев (Фин), Гүлназ Ауесбаева (Маз Каната), Сәуле Тұрдахунова (Рэй), Жасұлан Байсалбеков (Кайло Рэн), Бекболат Құрманғожаев (Хан), Бақытжан Жармұхамбетов (Генерал Ню), Самат Қордабаев (По), Тынышкүл Сұлтанбердиева (Лейла), Исламхан Зейнуллаев (Сноук).

Әйгілі голливудтық фильмдерді қазақ тіліне аудару идеясын ең алғаш ұсынған «Болашақ» қауымдастығының құрметті мүшесі - Байбек Бауыржан Қыдырғалиұлы болды.

Фильм Қазақстан прокатына қазақ және орыс тілдерінде желтоқсан айының 17-жұлдызында шығады.

Қ. Бүйенбай