«Стив Джобс» фильмі прокаттан алынып тасталды

«Стив Джобс» фильмі прокаттан алынып тасталды
Фото: www.macworld.com

Apple корпорациясының негізін салушы Стив Джобс туралы жаңа фильм өз бюджетін ақтамады. Денни Бойл түсірген автобиографиялық фильм түсірілімге жұмсалған қаржының жартысын да жинай алмаған. Сондықтан кинокартина әлемдік прокаттан алынып тасталды.

Айта кетсек, «Стив Джобс» фильмі ағымдағы жылдың 5 қазанынан бастап кинотеатрларда көрсетіле бастаған еді. Әр апта сайын кассадан түскен табыс азайып бара жатқаны белгілі болғаннан кейін кинокомпаниямен келісімге келген 2072 кинотеатр (барлығы – 2411) фильмді прокаттан алып тастады.

«Стив Джобс» фильмі алғашқы көрсетілімінен 521 000 АҚШ доллары көлемінде қаржы тапқан. Ал жоспар бойынша, фильм премьерадан кейінгі алғашқы аптада $19 миллион жинауы тиіс еді. Бірақ апталық көрсеткіш 7,3 миллион АҚШ долларын көрсетті.

Аарон Соркин сценарийін жазған фильм төрт аптада $16,6 миллион жинай алған. Ал фильмнің түсіріліміне 30 миллион АҚШ доллары кеткенін ескерсек, голливудтық фильм көрермендер көңілінен шықпағанын пайымдаймыз.

Ж. Өрісбай