Әлия Назарбаева "Қазақ Елі" фильмінде басты рольді сомдауы мүмкін

Әлия Назарбаева "Қазақ Елі" фильмінде басты рольді сомдауы мүмкін
Фото: tn.kz

Әлия Назарбаева Алматы облысында түсіріліп жатқан "Қазақ Елі" фильмінде басты рольді сомдауы мүмкін, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Картинаның продюсері Арман Әсеновтің мәлімдеуінше, Назарбаевамен Әмір Темірдің немересі Рәбия сұлтан бегімнің ролін сомдау туралы келіссөздер жүріп жатыр. "Біз Әлия Назарбаевамен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әзірше нақты белгілі емес, себебі онымен біздің кестеміз сәйкес келмейді. Ол сомдайтын кейіпкердің қатысуымен өтетін түсірілімдер екі аптадан соң болуы тиіс", - деді Әсенов. 

"Қазақ елі" көпсериялы фильмінің 1465 жылы қазақ мемлекетінің құрылу кезеңін, Жәнібек пен Керейдің, олардың балалары Қасым мен Бұрындықтың билік еткен кезеңін қамтитыны белгілі. Фильм Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" романының бірінші томы бойынша түсіріліп жатыр. Режиссер Рүстем Әбдрашевтің айтуынша, материалдың 40 пайызы түсірілді, монтажы қатар жасалып жатыр.

Картинада басты рольдерді Еркебұлан Дайыров (Жәнібек), Қайрат Кемалов (Керей), Аян Өтепберген (Бұрындық), Мейірғат Амангелдин (Қасым), Бекболат Тілеухан (Қазтуған), Досхан Жолжақсынов, Димаш Ахимов, Шұғыла Сапарғалиқызы (Керейдің әйелі), Мадина Ысманова (Жәнібектің әйелі) сомдайды.

Сонымен қатар, Қазақстанда тұңғыш рет краудфандинг (халықтық қаржыландыру) жобасының іске қосылғаны анықталды. Кез келген адам картинаны жасап шығаруға өз үлесін қоса алады. Қаржы жинау "Қазақ Елі" фильмінің ресми сайтында жүріп жатыр – Qazaqeli550.kz.

М. Бисембаева