«Басеке» атты жаңа комедиялық сериал түсірілуде

«Басеке» атты жаңа комедиялық сериал түсірілуде
Фото: zsp2.krotoszyn.net

«Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша «Бас продакшн» студиясы «Басеке» атты жаңа комедиялық сериал түсіріп жатыр.

Кино желісі Қазақстанның ірі мегаполисінде тұратын ауқатты екі кәсіпкердің өзара бәстесіп, жайлы өмірден бас тартып, ауылға көшуі жайында өріледі. Зәулім үйлері, қымбат көліктері, ұшағы мен яхтасы бар байшыкештер енді шалғайдағы шағын елді мекенде тіршілік етіп көрмек.

Мынау – Оңтүстік Қазақстан облысының төрт түлігін түлеткен қарапайым елдімекен. Қозы-лақпен қатар ауыл балалары да тыным таппай жүгіріп жүр. Күнделікті тірлік кенет өзгереді.

Қазір – «Басеке» кинотуындысы түсірілімінің қызған шағы. Сценарий бойынша алақандай ауылға екі миллионер келеді. Яхта, көлік, ұшақпен қатынап, жерге табаны тимейтін қалталылардың өмірі де қас-қағымда құбылып сала берді.

Ақылбек Досжанов, продюсер:
 1 тиынсыз, ақшасыз ауылға әкеліп тастайды. Сол жерде олардың іскерлігін, шеберлігін, идея мықтылығын көрсете отырып, ауылдық жерде қала сияқты жақсы ақша табуға, өздеріне жағдай жасауға болатынын көрсеткіміз келді.

Негізі әзіл-қалжыңға өрілген сериал елдімекен тұрғындарының көңілінен шығып үлгерген. Көпшілік түсірілімге қатысып жүрген ауылдықтар бизнесмен Мақсат пен Арманның өркениеттен шалғайда жүріп жасаған ақша табу әрекеттеріне куә. Сценаристердің айтуынша, жердің қай түкпірінде болмасын жақсы өмір сүруге болады.

Бақыт Тушаев, актер:
 Бұл фильмді актерлық, режиссерлық жұмыстардан бөлек сценаридің өзі алып шығып тұр. Сериалдың арқалайтын жүгін. Жақсы, сәтті, халыққа бір ой салатын, көңіл-күй сыйлайтын кереметтей дүние болатынына сенім мол.

Дәулетті кәсіпкерлер ауылда жүріп, бақыттың тек ақшадан тұрмайтынына көз жеткізеді. Асып-тасқан бай-бағландарды қандай жайттар тәубесіне келтіргені жайлы миллиондаған қазақстандық желтоқсан айында «Хабар» арнасынан көре алады.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы