Отандық тұңғыш сериалдың көрерменге жол тартқанына 20 жыл толды

Отандық тұңғыш сериалдың көрерменге жол тартқанына 20 жыл толды
Фото: kino-teatr.ru

«Хабар» телеарнасы өзінің 20 жылдық тарихында көрерменге көптеген тележобаларды ұсынды.

Қоғамның сан қырын қамтыған әртүрлі жанрдағы бағдарламаларды түсірді және түсіріп келеді. Айтпақшы, биыл қазақ телевизиясының тарихындағы тұңғыш телехикаяның экранға шыққанына да 20 жыл толып отыр. «Тоғысқан тағдырдан» басталған бұл үрдіс қазір де жалғасын тапты. «Сәлем, Қазақстан!» Бұл «Хабар» телеарнасының алғашқы бағдарламасының бірі еді. Ұйқысынан енді оянған көрерменді елдегі және шетелдегі жаңалықтан хабардар етіп, әсемдік әлеміндегі тың туындылар мен әуезді музыка ұсынатын.

Арман Сеитмамыт, «24 KZ» телеарнасының директоры: - Мен өзім 1997 жылы «Хабарға» келдім. Сол кезде жұмысқа тұрған күнімнің ертеңінде таңертең мені тікелей эфирге шығарып жіберді. «Сәлем, Қазақстан!» бағдарламасы «Хабар» телеарнасының сағат 07:00-ден бастап шығатын ең алғашқы бағдарламасы болатын.

Бұдан соң «Қазақтар», «Ақындар аллеясы», «Тіл», «Сәулет сыры» секілді тележобалар өмірге келді. Әртүрлі жанрдағы бағдарламалар көрермен тарапынан лайықты бағасын алды. «Хабар» телеарнасы қазақ телевизиясының тарихында алғаш болып телехикая түсіруді бастап, тыңнан түрең салды. 495 сериялы «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы 1995 жылы басталып, 2000 жылы аяқталды.  

Бақытжан Әлпейісов, актер: - Сериал деген ұғым да жоқ бізде. Басында оны естіген кезде, «бұл қалай болар екен?» деген күмән де көп болды. Қаншама ұл-қыздарымыздың бағы ашылып, киноға жолдама алды «Тоғысқан тағдырлар» арқылы. Халықтың жүрегіне жолдама алды.

Баян Қызылова, «Хабар» телеарнасының режиссері: - Бұл сериалда сол кездегі халықтың, елдің, елімізде қандай жағдай болып жатыр, соның бәрі ауқымды алынған, сол кезге сай қызықты сериал болды. Оны қаншама адам көрді. Оны мақтана айта аламыз. Ал қазақтың күміс көмей әншісі Күләш, батыр ұлы Бауыржан туралы көпсериялы көркем фильмдердің қазақ киносының алтын қорынан орын алары анық. Қазір хәкім Абайдың қара сөздерінің негізінде «Ақылдың кілті» атты 12 сериялы көркем фильмнің түсірілімі басталды. Естеріңізде болса, 1999 жылы «Хабар» арнасы Абай Құнанбаевтың қара сөздерінен шағын фильмдер ұсынған болатын. 

Мұрат Бидосов, режиссер: - Бұл жолы біз барлық сөзін бір үлкен сюжетке айналдырмақшы болдық. Оқиғаның өзі, басы мен аяғы болатын болды. Сондықтан біз бір әулет туралы эпопея жасадық. Аса дарынды күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің өмірі туралы көркем фильмнің де экранға шығатын күні алыс емес. Бүгінде 5 сериялы «Құстар әні» атты туындының түсіру жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы