«Адасқандар» — еліміздегі алғашқы фантастикалық комедия

«Адасқандар» — еліміздегі алғашқы фантастикалық комедия
Фото: Massaget.kz

Бүгін, қазанның 14-і күні 31 телеарна БАҚ өкілдерінің басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Адасқандар» атты телехикаяның түсірілім алаңына апарып, актерлермен тікелей жүздестірді. Мұнымен қатар, режиссерлермен де сұхбаттасуға мүмкіндік берді. Аталған телехикаяның тұсаукесері қараша айының 30-ына жоспарланып отыр.

Телехикая әрқайсысы 24 минутқа созылатын 20 сериядан құралған. Негізгі сюжет – басты кейіпкерлердің уақыт порталы арқылы осыдан 500 жыл бұрынғы кезеңге өтуі. Яғни Қазақ хандығының құрылған кезеңіне. Сол кезеңде қызықты оқиғаларды бастан кешіріп, елінің болашағына әсер ететін әрекеттер жасайды.

Әйгілі физик, физика-математика ғылымдарының докторы Талас Серкебаев ұзақ жылдардан бері уақыт порталын жасау ісімен айналысып келеді. Портал Арал маңындағы Қарақұмда орналасқан деп болжайды. Талас сол жерде арнайы аппараттарды қолдану арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бір түні сол маңнан атақты Айдана атты әншінің түсірілім тобы өтеді. Этнофестивальге қатысуға келе жатқан топ ауыл ішіне кіріп, адасады. Осылайша Таласқа жолығып, 500 жыл артқа кетеді.

Телехикаяның басты кейіпкерлері — әйгілі әнші Айдана, оның продюсері Әлішер, оққағары Мұхит, ғалым Талас және қазақ сұлтаны Ерхан. Бұдан өзге де кейіпкерлер бар.

Айдананың рөлін қазақстандық әнші Кәмшат Жолдыбаеваның туған сіңілісі Алтынай Жолдыбаева сомдайды. Оның айтуынша, фильмде басты рөлді ойнауына әпкесінің еш қатысы жоқ. Өзі кастинг арқылы өткен.

Телехикаяны түсірушілер жас өрендерге Қазақ хандығы туралы басқаша айтып беруге тырысқан. Бұл жолы тұлпар мініп, қылышын асынған батырлар жоқ. Барлығы да жеңіл күлкімен берілуге тырысқан. Мұндай идея 31 арнаның бас директоры Бағдат Қожахметовке тиесілі. Оның ұсынысын мемлекет қолдап, артынша "Универ", "Деффчонки" атты атақты телехикаяларды түсіруге атсалысқан киномотограф Шота Гамисония шақыртылған. Бір емес, бірнеше продакшнның жұмысы десек те болады.

Бағдат Қожахметов: «Біз жас ұрпаққа қазақтың дархан даласының кеңдігін, халқының қайсар мінезін, басынан өткен тарихын, өзгелер секілді олардың да кемелділікке ұмтылғандығын ұғынықты тілде, жеңіл әзілмен астарлап жеткізе алатынымызға сенімдіміз», - деп алдағы жобаның қызықты болатынына сендірді.

Құрметті оқырмандар, алдағы уақытты басты кейіпкерлермен, жобаның продюсер, режиссерлерімен болған қызықты сұхбаттарымызды Massaget TV-ден көре аласыздар.

Қ. Бүйенбай