«Қазақстан» телеарнасында «Біздің ағай» телехикаясы басталады

«Қазақстан» телеарнасында «Біздің ағай» телехикаясы басталады
Фото: РТРК Қазақстан

12 қазан күні «Қазақстан» телеарнасында 16 сериялық «Біздің ағай» комедиялық хикаясының тұсаукесері өтеді, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі РТРК "Қазақстан" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Телехикая зейнеткерлікке шығып, танымал блогер және жастардың тәлімгері атанған ауыл ақсақалы туралы баяндайды.

Бұл қызықты оқиға заманауи өмірді бейнелейді. Оқиға Жамбыл облысындағы Шу ауданында өтеді. Хикаяның бас кейіпкерлері Жомарт ағаның отбасы және сол отбасының жанына топтасқан ауылдастары. Жомарт аға ауылдық мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Өмір бойы сүйікті қызметімен айналысқан ақсақал зейнеткерлікке шығады. Мұндай адам үйде тыныш отыра алмайтыны белгілі. Аяқ астынан ауылдастарының ақылшысына айналғанын Жомарт ағаның өзі де байқамай қалады. Ақсақал бұл – өскелең ұрпаққа үлгі боларлық нағыз жан. Нағыз ақсақал болуды кім армандамайды дейсіз? Бірақ құрмет пен сыйға бөлену екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұның барлығын Жомарт аға жақсы түсінеді. Сонымен қатар, бұл хикая адам жүрегінде туған жер мен елдің ерекше орын алатынын баяндайды.

Түсірілім барысы

Хикаяның тағы бір кейіпкері Еламан (Эдуард). Ол осыдан бірнеше жыл бұрын тарихи отаны Алманияға қоныс аударған, өз еліне қонаққа жиі келіп тұрады. Туған өлкеге деген сағынышы маза бермейді. Шетелдік курорттық жерлерден әбден жалығады. Ауыл адамдары мен ауылдағы шағын ғана үйі – жанға жайлы, ыстық мекені осы.

Телехикаяның режиссері - Мұрат Бидосов. Мұрат «Әпке», «Агент Z» және т.б. телехикаяларымен халыққа танымал.

Туындының негізі әзіл-оспаққа құрылса да, отансүйгіштік, үлкендерге деген құрмет, Отанға, отбасыға деген махаббат тақырыптары кеңінен насихатталады. Хикая барысында отандық өндіріс өнімі және заманауи технология жетістіктері көрсетіледі.

«Біздің ағай» хикаясын 12 қазан күнінен бастап жұмыс күндері сағат 21.00-де «Қазақстан» телеарнасынан көре аласыздар.

Ф. Абилова