Түріктер Алматыда жаңа телехикая түсіреді

Түріктер Алматыда жаңа телехикая түсіреді

Түріктердің түсірілім тобы Алматыда көп сериялы "Әке борышы" драмасын түсіреді деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сценарист Нуреттин Озель (Nurettin Ozel) сценарийін жазуға отырмастан бұрын біраз уақыт Қазақстанда тұрып, жергілікті халықтың ділі мен мәдени ерекшеліктерін жақсылап зерттеген екен. Сериалдың режиссері болып «Фатмагүл» телехикаясын түсірген Дэвкан Финдык (Devkan Findik) тағайындалды. «Телехикаяның түсіріліміне 3TA Pictures киностудиясы түрік мамандарын арнайы шақыртты, өйткені қазақстандық көрермендер арасында түрік сериалдары үлкен танымалдылыққа ие екені белгілі», - деді 3TA Pictures киностудиясының бас директоры Алмагүл Тілеуханова.

Актерлер Әуезов драма театры мен Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрларының труппаларынан таңдалып алынды. Сюжет басты кейіпкер Досымбектің (Сағат Жылгелдиев) отбасының төңірегінде өрбиді. Сонымен қатар, "Әке борышы" жобасында Құман Тастанбеков, Гүлшат Тутова, Тұрсын Құралиев, Гүлшарат Жұбаева мен Гүлжамал Қазақпаевалар да бой көрсетпек.

Көрермендер 1990 жылдан бастау алып, осы уақытқа дейін жалғасып жатқан хикаяны тамашалайды. «Бұл әсерлі драма отбасылық құндылықтардың маңыздылығы жайлы баяндайды. Драманың негізінде жақсылық пен жамандық, сатқындық пен әділеттілік, жек көру мен жақсы көру сияқты мәңгілік тақырыптар жатыр. Бірақ басты тақырып балалар алдындағы әке борышы және соны іске асырудың қаншалықты қиын екенін суреттейді. Жобаның мақсаты мәңгілік махаббат сезімінің жамандық атаулыны жеңіп, әділеттілік орнатып, өмірдің қиын кезеңдерінен мойымай шығуды насихаттау», - деді Тілеуханова.

16 сериялы драманың әрқайсы 45 минуттан тұрып, қазақ тілінде көрсетілімге шығады. Алайда 2012 жылдың күзінде болатын тұсаукесерден соң, эфирге дубляждалған нұсқасы шығып, субтитрлармен көрсетілмек. Фильмге саундтрек ретінде Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің "Әке туралы жыр" әні түрік мамандары жасаған заманауи аранжировкада таңдап алынды.

Сурет: Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina