Сіз жақсы көретін жұлдыз көрші үйге көшіп келсе...

Сіз жақсы көретін жұлдыз көрші үйге көшіп келсе...

Дәл осындай сюжетпен жақында Оңтүстік Корея мини-сериалы түсірілді. Күтпеген жерден жас қыздың көрші үйіне атақты EXO тобы көшіп келеді. Алғашында көрші үйге тек жігіттердің көшіп келгенін білген қыз кейінірек оның өзі жанындай жақсы көретін EXO тобы екенін түсінген кезде, өз көзіне өзі сенбейді. Сенбеуі заңды да... Өзі күнде теледидардан көріп, тамсанып жүрген сүйкімді жігіттер кенеттен аспаннан түскендей көз алдында жүрсе, бұл нағыз бақыт емей, немене?!

Осындай қызықты сюжет арқау болған "Менің көршілерім – EXO" мини-сериалының әр бөлімі 15 минуттан тұрады. Басында 3 бөліммен шектелмек болған фильмді түсірушілер келе-келе бөлім санын 16-ға дейін ұзартқанға ұқсайды. Басты рөлдегі EXO тобын EXO тобының өздері сомдайды. Ал көршінің қызын он сегіз жастағы актриса Мун Га Ён / Moon Ga Young сәтті алып шыққан. 

Басты рөлдегі жігіттер туралы толық ақпарат берсек, оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, бүкіл Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. "Менің көршілерім – EXO" мини-сериалы жігіттерді жақынырақ тануға мүмкіндік береді. Бұл – әйгілі топтың жанкүйерлері үшін таптырмас сый болып отыр.

Тек топтың жанкүйерлерін ғана емес, бәрімізді де әйгілі жұлдыздардың күнделікті өмірі қызықтырады. Олар қалай тамақтанады, бос уақыттарын қалай өткізеді, бір-бірімен қандай әңгімелер айтады? Осының бәрін "Менің көршілерім – EXO" сериалынан көруге болады. 

Веб-драманы SM Entertainment агенттігі LINE ұялы телефон қосымшасының көмегімен түсірген. Мини-сериал тек Кореяда ғана емес, Қытай, Жапония, Тайланд, Тайвань елдерінде де көрсетіледі. Қызықты сериалдың ағылшын, орыс, т.б. тілдерде субтитрлары пайда болды. Ал Massaget.kz порталы "Менің көршілерім – EXO" мини-сериалын қазақша субтитрмен ұсынып отыр! Сериалдың субтитрін қазақ тіліне аударған – "LVOE" фансаб-тобы.  

Менің көршілерім – EXO / Мои соседи – EXO/ EXO Next Door онлайн көру

Сурет: fans-of-exo.mihanblog.comuthube.com

М. Оңғарова