«Кек алушылар: Альтрон дәуірінде» фильмі 23 сәуірден бастап көрсетіледі

«Кек алушылар: Альтрон дәуірінде» фильмі 23 сәуірден бастап көрсетіледі

Биылғы жылдың 23 сәуірінен бастап еліміздің барлық кинотеатрында шытырман оқиғалы блокбастердің жалғасы «Кек алушылар: Альтрон дәуірінде» аңызға айналған MARVEL батырлары қазақ тілінде сөйлейтін болады. Фильм қазақ тіліне «Нұр Отан» партиясының, «Болашақ» қауымдастығының және Меломан-кинопрокат» компаниясының қолдауымен дубляждалды. Дубляждың демеушісі – «KassaNova» банкі.

Дубляждың режиссері – Тимур Балымбетов. Кек алушылар дубляжы Тимурдың екінші жобасы болып есептеледі. Ол бұған дейін 2014 жылдың жазында үлкен экранға шыққан «Галактика сақшылары» фильмін сәтті дубляждаған болатын.

Голливудтық ару, таланты актриса және кек алушылар туралы экшн-скивел жұлдызы Скарлетт Йоханссон «SuperStarKZ» шоуының финалисі, атақты әнші Мақпал Исабекованың дауысымен сөйлейтін болады.

Фильмнің басты кейіпкерлері Жасұлан Байсалбеков (Альтрон), Бейбіт Қамаранов (Тор), Ержан Жарылқасынов (Тони Старк – Темір адам), Ерғали Түлебаев (Америка капитаны), Бақытжан Жармұхамбетов (Соколиный Глаз), Самат Қордабаев (Халк) сияқты қазақстандық талантты актерлердің үнімен сөйлейді Сонымен бірге дубляжға жобаларға тұрақты қатысып келе жатқан Бағанашыл кенті №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері атсалысты.

«Кек алушылар: Альтрон дәуірі» қазақ тіліне дубляждалған 11-фильм және 2015 жылы көрермендерге ұсынылатын голливудтық екінші картина болып есептеледі.

Бұған дейін дубляждалған картиналар: «Көліктер-2/Тачки-2», «Қара киімділер 3/Люди в чёрном 3», «Батыл жүрек/Храбрая сердцем», «Жаңа Өрмекші-адам/Новый Человек-паук», «Монстрлар Университетi/Университет Монстров», «Жалғыз рейнджер/Одинокий рейнджер», «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат»/«Новый Человек-паук: Высокое напряжение», «Галактика сақшылары/Стражи Галактики», «Малефисента», «Золушка/Кулбике».

Щ. И. Т. жойылғаннан кейін, Тони Старк әлемде тәртіп орнату үшін жасанды интеллект жасауды ойлайды. Алайда оның бағдарламасы ойда-жоқта істен шыққан кезде, күллі адамзат қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Адамзатты табиғаттың қателігі деп санайтын жаңа зұлым күш иесі Альтрон адамдарды аяусыз қырып-жоюды өзіне мақсат еткен. Кек алушылар командасында бастары түйісетін Темір Адам, Америка капитаны, Тор, Халк, Қара Жесір және Көзді Соколином сияқты супер кейіпкерлер қара күш иесі, адамзатқа қауіп төндірген Альтронға қарсы күш біріктіреді. Жердің атақты кейіпкерлерін қиын сынақтар, Алқызыл Мыстанмен және Сынаппен жаңа одақ құру, бұрын-соңды болмаған соғыс күтіп тұр.

«Кек алушылар: Альтрон дәуірі» шытырман оқиғалы блокбастерін 2015 жылдың 23 сәуірінен бастап киноэкрандардан тамашалаңыздар!

Сурет: kinopoisk.ru 

Қ. Бүйенбай