Елбасы «Астана - менің жүрегім» фильмінің көрсетіліміне қатысты

Елбасы «Астана -  менің жүрегім»  фильмінің көрсетіліміне қатысты

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Македония президенті Георге Иванов ресейлік режисердің «Астана - менің жүрегім» туындысының көрсетіліміне қатысты.

Қойылымның режиссері ретінде Рүстем Әбдірашев, Фархат Шарипов, сонымен бірге Кончаловскийдің өзі де аталды. Айта кетерлігі, бұл оқиғаға өзінің жеке сценариімен қазақстандық сенатор Ғани Қасымовтың қызы Джуля Ғани түсті. Кончаловскийдің айтуы бойынша, жобаға Ақан Сатаев та шақырылған екен, бірақ, ол «Жаужүрек мың бала» фильмінің түсірілімінде болғандықтан келе алмапты.

Аталмыш фильмде қазақстандық актерлерден Қарлығаш Мұхамеджанова, Наталья Аринбасарова, Евгений Жумановтар ойнаған.

Фильм «Париж, мен сені сүйем» ( «Париж, я люблю тебя»), «Москва, мен сені сүйем» («Москва, я люблю тебя»), «Нью-Йорк, мен сені сүйем» («Нью-Йорк, я люблю тебя») секілді киноновеллалардың дүниежүзілiк топтамасына қосылған. Фильм жастардың, балалар мен ата-ана арасындағы шынайы махаббатқа негізделген. Новелла мелодрама, комедия, Hi-tech жанрларының жиынтығынан тұрады. Әр оқиға он минуттың көлемінде өріс алады. Астананың 500-ден аса жобалары мен қаланың төрт мезгіліндегі көріністері түсірілген.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

Фото ©Даниал Окасов