Қазақстандық режиссер Голливудпен келісімшартқа отырды

Қазақстандық режиссер Голливудпен келісімшартқа отырды

Қазақстандық режиссер Питер Берманның "Күрделі түйін" (Крутая петля) фильмінің сцеанарийіне Голливуд қызығушылық танытып, бірігіп жұмыс істеуді ұсынды. Бұл туралы "Экспресс К" хабарлады.

Фильм сюжеті бойынша, мүгедектердің арбасына таңылып қалған жас жігітті емші әжесі сауықтырып шығады. Сауықтырғаны былай тұрсын, немересіне өзінің экстрасенсорлық қасиеттерін де тастап кетеді. Үлкен кісінің жасы келіп қайтыс болғаннан кейін жас жігіт қытайлық кунг-фу шеберіне шәкірт болып, қорғану өнерін үйренеді. Уақыттың өтуімен ережесіз жекпе-жекке көңілі ауып, осы салада бағын сынауға кіріседі. Картинаның қызығы да осы тұста басталады. Қарсыластан қарсылас қоймай, жеңіп отырған ол жұрттың назарын өзіне бірден аударады.

Жақын арада Берман америкалық киностудиямен картина аясында бірігіп жұмыс істеу туралы келісім-шартқа қол қою үшін АҚШ-қа жол жүрмек. Ал қазіргі кезде Жерар Депрдье мен Джордж Клуни секілді актерлармен келіссөздер жүріп жатыр. 

Питер Берман елімізге танымал режиссер, спортшы әрі жазушы. 90 жылдары ережесіз жекпе-жекке қатысып, өнер көрсеткен ол "Нокаут", "Мистер Айкидо" секілді кітаптар да жазып шыққан. Ал "Astana Team. Ақиқат пен өтірік" атты кітабы велокоманданың тағдырына арналған. Питердің "Көшбасшыны іздеу" атты спорт саласындағы допинг-скандалдарға арналған деректі фильмнің режиссері екендігін де айта кетелік.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: astanafans.com