"Студент" Мәскеудегі халықаралық кинофестивальде көрсетіледі

"Студент" Мәскеудегі халықаралық кинофестивальде көрсетіледі

Қазақстандық режиссер Дәрежан Өмірбаевтың "Студент" фильмі Мәскеуде өтетін 34-ші халықаралық кинофестивальде көрсетілетін болады. Картина конкурстан тыс "Русский след" (Орыс мұрасы) бағдарламасы аясында халыққа жол тартпақ. Бұл туралы "Қазақфильмнің" баспасөз қызметі хабарлады.

Өмірбаев сонымен қатар "Перспективы" (Үміт күттірушілер) конкурсына қазылық қылатын болады. Журналистерге берген сұхбатында режиссер: "Бәрінен бұрын мені жұртшылықтың фильмімді қалай қабылдайтындығы алаңдатады. Дегенмен орыс жазушысы шығармасының заманауи интерпретациясы халыққа қызық болатын шығар деп ойлаймын. Сонымен қатар жас режиссерлардың туындыларына дұрыс баға беріп, оларды ынталандырып, алға сүйреуді мақсат қылып отырмын", - деді.

Кинофестиваль үстіміздегі маусым айының 21-30 аралығында өтеді. Аталған жиын осыдан 77 жыл бұрын 1935 жылы алғаш өткізілген болатын.

Бұған дейін "Студент" фильмінің Канн кинофеститвалінде "Ерекше көзқарас" категориясына жатқызылғандығын айтып өткен болатынбыз. 

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: kazakhfilmstudios.kz