Қазақ киносы үздік жетілікте

Қазақ киносы үздік жетілікте

Желтоқсанның 5-7-сі аралығында Мәскеудегі «Фитиль» киноклубында «2morrow/Завтра» атты халықаралық тәуелсіз кинофестиваль апталығы өтті. Фестиваль барысында, соңғы жеті жылда әлемдік деңгейде үздік деп танылған 7 авторлық кино ресейлік көрермендерге жол тартты. Бұл тізімнің қатарында қазақ киносы да бар.

Былтыр осы фестивальдың жеңімпазы атанып, Берлин халықаралық кинофестивалінде шығармашылық топтың операторлық шеберлігі үшін марапатталған қазақстандық «Асланның сабақтары» кинокартинасы шараның шымылдығын ашты. Естеріңізге сала кетсек, 2013 жылдың желтоқсан айында бұл фильм еліміздің кинотеатрларында көрсетіліп, сыншылар тарапынан жоғарғы баға алған еді. Туынды мәскеулік көрермендердің көңілінен шықты. Кино бастан-аяқ қазақ тілінде дыбысталып, ағылшын-орыс тілдеріне аударылған субтитрмен ұсынылды. Әрине, фильм мәтіні қанша сапалы аударылғанымен, картинадағы қазақы болмыс пен психологияны түсіну ресейліктерге оңай болмағаны анық. Мәселен, оқиғаның басында Асланның қойды бауыздап, сүйектерді бөлшектейтін жері бар. Жас бала қаннан қорықпай, қиналмастан сояды қойды. Сол сәтте зал гу ете түсті. «Жиіркенішті», «қалай өлтірді?», «тіршілік иесі емес пе?» деген дыбыстар жан-жақтан жарыса шықты. Бірақ біз бұл көріністен оғаш ешнәрсе көрмедiк. Бізді «бас кейіпкердің «піссімілләсіз» қой сойғаны қалай?» деген сауал қаттырақ мазалады. Екі сағатқа созылған кино біткен соң, ұйымдастырушылар бізге Азиз Жамбақиевті таныстырды. Азиз – осы фильмді түсіріп, оны көрерменге жеткізген дарынды оператор. Ресейліктерге бұл туынды ұнағаны бірден байқалды, көпшілік қауым Азизге сұрақтарын қойып, қызу талқыға салды. Қазақстандағы киноның жағдайын жарыса сұрап, «Асланның сабақтары» жайында көп білгісі келетіндерін жасырмады. Солардың ішінен орынды қойылған мына сауалдармен бөліскенді жөн көрдік:

Көрермен: «Фильм басында бала еш қиналмастан қойды сойып, мүшелерін бөлшектейді. Бұл - жануарларды қорлау ғой. Бала психологиясы оған дайын емес секілді, меніңше.

Азиз: Иә, бұл эпизодқа байланысты көп дау болған. Жалпы, Еуропа елдерінде мал сою ерсі көрініс болса, бізде, яғни көшпелілердің жерінде, мұсылман елдерінде бұл түк те ерсі емес. 8-9 сыныптағы балаларға тіпті арнайы мал союдың техникасын үйретеді. Жануарларды қорлау, оны ашық көрсету дедіңіз, расымен, сіз де ет жейтін адамсыз. Сіз тек оның кім және қалай сойып жүргенін білмейсіз (күліп).

К.: Бұл Қазақстандағы оқушылар жайындағы фильм бе? Расымен, Қазақстанда мектеп оқушылары осындай сотқар боп өсе ме?

А.: Жоқ, әрине! Бұл тек Қазақстандағы емес, бүкіл әлемдегі бар және болған мәселе. Мектеп кезіндегі балалардың осылай бір-бірінен ақша жинап, төбелесуі барлық елде орын алған. Германияда да бізге дәл осы сауал қойылды. Тек біздің ел емес, ол Ресейде де бар құбылыс. Жалпы бала психологиясы осындай жайттардан кейін өзгеруі мүмкін.

К.: Қазақ киносының қазіргі жағдайы қандай? Кино индустрия жайында білгіміз келеді?

А.: Соңғы бес жылда қазақ киносы қарқынды дамып келеді дей аламын. Алайда Қазақстанда коммерциялық кинолар өте аз. Кино арқылы көп табыс таба алмайсыз. Бүгінде жас режиссерлар мен кино саласында жүрген жастарға көп мүмкіндік бар. Біздің шығармашылық топтың өзі келесі жылы үш жаңа туынды ұсынуды жоспарлап отыр.

К.: Оқушы балалар рөлдерін керемет ойнады. Бас кейіпкердің шеберлігінде мін жоқ. Актерларды қалай таңдадыңыздар?

А.: Шынымды айтайын, біз бұл балаларды мектептерді аралап жүріп іздедік. Ешбіреуінің арнайы білімі жоқ. Барлығы кәдімгі оқушылар. Екі ай көлемінде біз оларға арнайы курс өткізгеннен соң түсірілімді бастадық. Ал бас кейіпкер – балалар үйінің тәрбиеленушісі. Ол да тағдырдың тауқыметін көрген бала. Жанарынан мұң байқалады. Біз бірден басты рөлге ұсынып, оны балалар үйінен алып кетуді жөн көрдік. Бірақ түсірілім уақыты біткен соң, қайта тапсырдық. Адамның өмірін өз мойнымызға ала алмадық, себебі ол – үлкен жауапкершілікті қажет ететін дүние.

Ұқсас жазба: 

"Асланның сабақтары" тіршілік жайлы тың толғаныстардан тұрады

Ардақ Әлімбетова, Мәскеу қаласы

Сурет: tengrinews.kz, zakon.kz

Ш. Талап