Мәскеу қаласында «Ника» киножүлдесі табысталды

Мәскеу қаласында «Ника» киножүлдесі табысталды

Мәскеу қаласында «Ника» киножүлдесі табысталды. 2013 жылдың үздік фильмі номинациясы бойынша Александр Велединскийдің «Географ глобус пропил» фильмі үздік деп танылды. Ал басты рөлдерді сомдаған Константин Хабенский мен Елена Лядова үздік актер мен актриса номинациялары бойынша жеңіп шықты. Велединский болса үздік режиссерлік жұмысы үшін «Никаға» ие болды.

Жора Крыжовниковтың «Горько!» комедиясы «Ника» жүлдесін «Жыл жаңалығы» аталымы бойынша иеленді. Федор Бондарчуктың «Сталинграды» үздік дыбыс, үздік қоюшы-суретші және үздік костюм жұмыстары номинацияларында жеңіске жетті.

Екінші пландағы үздік актер номинациясы бойынша «Ника» «Майор» фильмінің режиссері және басты рөлдердің бірін сомдаушы Юрий Быковқа бұйырды. Валерий Харченконың «Летящие по ветру листья» фильмінде ойнаған Наталья Фадеева екінші пландағы үздік әйел рөлі аталымын жеңіп алды.

«Құрмет пен абырой» номинациясы бойынша «Ника» КСРО халық әртісі Владимир Зельдинге табысталды. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты «Кинематография ғылымына, сын мен біліміне қосқан үлесі» деген құрметті сыйға ие болды. «Телевизиялық кинематография өнеріндегі шығармашылық жетістіктері үшін» арнайы сыйы «Оттапель» телехикаясы үшін Валерий Тодоровскийге табыс етілді. Виталий Манскийдің «Труба» фильмі және Георгий Данелияның «Ку! Кин-Дза-Дза» анимациялық фильмі де «Никаға» ие болды.

«ТМД мен Балтық елдерінің үздік фильмі» номинациясы бойынша жүлдені украиналық Ахтем Сейтаблаевтың «Хайтарма» фильмі мен литвалық Аудрюс Юзенастың «Экскурсантка» фильмі ұтты. Айта кететіні, бұл категорияда қазақстандық Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі де жарысқа түскен болатын.

«Ника» киножүлдесі 1988 жылдан бері табысталып келеді. Жүлдегерлер қанатты жеңіс құдайының мүсіншесін алады. «Ника» жүлдесінің негізін салушы және көркемдік жетекшісі – режиссер Юлий Гусман.

Сурет: www.bucwar.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina