"Көксерек" - хикая желісімен түсірілген фильм

"Көксерек" - хикая желісімен түсірілген фильм

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» шығармасы желісімен түсірілген "Көксерек" көркем фильмі 1973 жылы көрермендерге жол тартты. Бүкілодақтық тұсаукесері 1974 жылы 8 сәуірде Мәскеу қаласында өтті.

Фильм драмалық оқиғаларға толы. Ата-анасынан ерте айырылған Құрмашты ағасы Аханқұл (Сүйменқұл Чоқморов) бауырына басады. Фильмде Құрмаштың көрген қиындықтары, оның ағасы Аханкұлдың қаталдығы, әжесінің (Әлиман Жанғорозова) мейірімі, Құрмашқа пана болған Хасеннің тағдыры айқын бейнеленген. Фильмнің бас кейіпкері Құрмаш (Қамбар Уалиев) қасқыр бөлтірігін асырап,  оған «Көксерек» деп ат қояды. Фильм соңында Құрмаш қайтыс болады, оны өзі баққан Көксерек бөлтірігі тістеп алады. 

Фильм режиссері «Ұрқия» фильмімен танымал болған Төлеміш Өкеев - өз ісінің хас шебері. Әр әртіспен жеке жұмыс жасап, керек кезде қатыгез де болған. Бай баласы Смайылбектің рөлін сомдаған Нұржұман Ықтымбаев Хасен рөлін сомдауы керек болатын. Алайда, режиссер Төлеміш Өкеев Хасен рөлін ойнауды Қарғамбай Сатаевқа тапсырады. Аханқұл рөлін сомдаған қырғыз актері Сүйменқұл Чоқморов Бакуде өткен кинофестивалде «Ең үздік актер» номинациясы бойынша жеңімпаз болып танылды, ал Қамбар Уәлиев ынталандыру сыйлығын иеленді.

1974 жылы Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен Бүкілодақтық кинофестивалдің бірінші жүлдесіне ие болып, Швейцарияның Локорно қаласында өткен кинофестивалінде құрмет грамотасымен марапатталды.

Қызықты деректер:

Фильмге хайуанаттар бағынан жас қасқырлар алынған. Көксерек болып екі қасқыр ойнаған, екеуін де фильмге түсіру үшін Мәскеу қаласынан арнайы әкелген.

«Қойға қасқыр шабу» көрінісіне түскен қылшық жүнді, теген құйрықты қойлар мал шаруашылығы институтының тәжірибе отарынан алынған.

Фильм Қырғыз тауларының баурайында, Ыстықкөл жағалауында түсірілген.

Фильм сценарийін Андрей Михалков-Кончаловский мен Эдуард Тропинин жазды. Ал қазақ тіліне Әбіш Кекілбаев аударған болатын.

Форумда талқылау

Суреттер ғаламтор беттерінен алынды

Ғ. Ұзақ