«Оскар» 2014 киножүлдесіне үміткерлер анықталды

«Оскар» 2014 киножүлдесіне үміткерлер анықталды

АҚШ киноакадемиясы әлемдегі ең беделді «Оскар» 2014 киножүлдесіне үміткер картиналарды атады, деп хабарлайды РИА-Жаңалықтар.

Сонымен, «Оскар» 2014 киножүлдесінде «Жылдың үздік фильмі» номинациясында келесі фильмдер бақтарын сынайтын болады: «Құлдықтағы 12 жыл», «Америкалық сергелдең», «Капитан Филлипс», «Гравитация», «Небраска», «Филомена», «Уолл-стрит қасқыры», «Далластық сатып алушылар клубы» және «Оныкі».

Ал «Оскар» 2014 жүлдесінде бір атаққа бес режиссер таласады: Дэвид О. Рассел («Америкалық сергелдең»), Альфонсо Куарон ("Гравитация"), Александр Пейн ("Небраска"), Стив Маккуин ("Құлдықтағы 12 жыл") және Мартин Скорсезе ("Уолл-стрит қасқыры").

«Үздік драмалық актер» категориясы бойынша Брюс Дерн ("Небраска"), Леонардо ДиКаприо ("Уолл-стрит қасқыры"), Мэтью Макконахи ("Далластық сатып алушылар клубы"), Чиветель Эджиофор ("Құлдықтағы 12 жыл") және Кристиан Бейл ("Америкалық сергелдең") ұсынылды. 

Ал «Оскар» 2014 кинопремиясының «Үздік драмалық актриса» номинациясында Эми Адамс ("Америкалық сергелдең"), Кэйт Бланшет ("Көгілдір жасмин"), Сандра Буллок ("Гравитация"), Джуди Денч ("Филомена") және Мерил Стрип ("Тамыз") бақ сынайды.

Ең қызықты номинациялардың бірі «Үздік шетелдік фильмге» бес кинолента үміткер атанып отыр:  "Алшақ салынған шеңбер" (Бельгия), "Аңшылық" (Дания), "Ұлы әдемілік" (Италия), "Жоғалған бейне" (деректі фильм, Камбоджа) және "Омар" (Палестина). Айта кетейік, осыған дейін қазақстандық режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі іріктеу кезеңінен өтпей қалған болатын.  

«Оскар» 2014 кинопремиясының Алтын мүсіншесін табыстау кеші (осымен 86 мәрте) Лос-Анджелесте 2 наурыз күні өтпек. Қай картинаның және кімнің «Оскар» сыйлығына ие болатынын АҚШ киноматографиялық өнер және ғылым академиясының 5 856 өкілі анықтайтын болады.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: ru.hellomagazine.com

Б. Қосмағамбет