"Анжелика, періштелер маркизасы"

"Анжелика, періштелер маркизасы"

Қаңтар айының тоғызыншы жұлдызынан бастап, еліміздің кинотеатрларында кинорежисер Ариэль Зейтунның "Анжелика, періштелер маркизасы" ("Анжелика, маркиза ангелов") фильмі көрсетіле бастады.

Анн және Серж Голонның атақты романының желісі бойынша түсірілген картина нағыз идеал әйелдің (жарына адал, сұлу, ақылды, батыл, сүйе білетін және сүйікті) бейнесін ашуда әлемдік кино тарихында үлкен жетістікке жетіп отыр.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында француз режисері Бернар Бордери дәл осы роман желісімен фильм түсірген екен. Бордеридің туындысын әйелдер қауымы да, ерлер де сүйсініп көрді, мыңдаған адам киноны екінші, үшінші рет көру үшін кинотеатр алдына кезекке тұрады. Біреулер ғашықтар арасындағы жалынды махаббат үшін, келесілері драмалық сәттерде көз жасын төгіп алу үшін, ал үшіншілері, Анжелика сұлудың стилін ұрлау үшін киноға қарай асықты. Нәзік жандылар қауымы бас кейіпкердікіне ұқсас киімдер киіп, шаш үлгілерін жасата бастады, бастысы, нағыз махаббатты аңсады, күтті. Жарты ғасыр уақыттан кейін көрерменіне жол тартып отырған "Анжелика, періштелер маркизасы" фильмі алғашқы жетістігінен асып түспесе, кем мадаққа ие болмайды деген үміт жоқ емес.

Анжелика – ақылына көркі сай, дегеніне жете білетін, өз құқығын қорғауда алдына ешкімді салмайтын, өжет бойжеткен. Жофре – алпысты алқымдаған, өзін де, өзгені де қорғай білетін, еңбекқор, ақылды, мейірімді, әділ, жүзі суық болғанымен жүрегі жылы "ақсақ арыстан".

Оқиға XVII ғасырдың алпысыншы жылдарында Франция жерінде өтеді. Әкесі бойжеткен Анжеликаны граф де Пейракқа қыруар ақша үшін сатып жібереді. Анжелика ел аузында "сиқыр, әзәзіл" деген атпен кең тараған, ұсқынсыз Жофреден қорқады, ақша үшін мүлде көрмеген, танымайтын, сүймейтін адам үшін жаны мен тәнін сатуға қарсы. Алайда, оқиға мүлде басқаша өрбиді. Біз өзімізге жақсы таныс қазақ шығармаларындағы қалың мал үшін сатылып, бақытсыз өмір сүрген қазақ қыздарының тағдырының қайталануын күткен едік. Уақыт өте келе Анжелика күйеуіне шын ғашық болады. Ерлі-зайыптылар арасында сезім оты тұтанып, өзгелердің қызыға да, қызғанып та қарайтын отбасын құрады. Сүйкімді балалары да болады.

Осылайша бақытты өмірдің куәгері болып, қиялға беріліп отырғанда бәрі де астан-кестең болды. XIV Людовик патша Пейрак графтың сарайына келіп, отбасы бақыты мен байлығын қызғана бастайды, оның үстіне қоластындағылар алуан түрлі айла қолданып, патшаны графқа қарсы айдап салады. Нәтижесінде, Жофре Бастилиядағы абақтыға қамалып, өлім жазасына кесіледі.

Бірақ Анжелика сұлу махаббаты үшін соңына дейін күресуге бар. Оның жары үшін отқа да, суға да түсіп, көзсіз ерліктерге баруы бүгінгі бойжеткен үшін үлгі болуға әбден лайық. Ондай батыр қыздар тарихта болған, бүгінгі қоғам үшін де қажет.

Басты қаһарман Анжеликаның мұнан кейінгі тағдыры мен қос ғашықтың оқиғасы қызықтырса, кинотеатрға бас сұғыңыз...

Кинорежисер Ариэль Зейтун әңгімеге арқау болып отырған фильмді түсіруге себеп болған жағдайды былай деп баяндайды:

"Анжеликаны" экранға шығарсам деген құлшыныс мені ұзақ уақыт бойы билеп алды. Жас кезімде жиі баратын "Таңғажайыптар ауласы" деп аталатын театрдағы адамдардың өмірі, атмосферасы маған өте жақын болатын. Әсіресе, ондаға Анн Гомон мен оның жары жасаған кейіпкер Жуфре арқылы әлемді сүюді үйрендім. Мұнан басқа да себептер жетіп артылады. Кино түсіру – бір мезгілде жеңіл әрі терең жұмыс, тақырып таңдау сенің жеке тұлғалық қасиетіңе де байланысты. Сен – белгілі бір "тарихтың" нәтижесісің. Менің оқиғам да Анжеликамен тығыз байланысты. Олай дейтінім, кезінде менің анамды да Анжелика секілді күшпен тұрмысқа берген. Ол басында үзілді-кесілді қарсы болып, некені мойындамайды. Кейін әкемді шын жақсы көріп кетіп, дүниеге мен келдім...".

Режисер Анжелика рөлін сомдайтын Нора Арнездерді алғаш рет көргенде бұл рөл үшін тым жас болған екен. Ариэль көптеген кастинг өткізсе де, сол актрисаны есінен шығара алмай, төрт жыл бойы күткен көрінеді.

Ал Жофрені сомдаушы актер Жерар Ланвенді ұзақ уақыттан бері танитындығын айтады. Осы рөлді ұсыну үшін барғанда, галстуктағы, әдемі пиджактағы, қырынған, сұлу жүзді актерді көріп, ойынан қайтады. Бірақ, алдына сценариді қалдырып кетеді. Келесі күні, Жерар телефон шалып, Пейрактың рөлін сомдауға келіскен екен. Ариэль: "Түсірілімнің алғашқы сәттерінде ақсақ Жофре мен сұлу Анжеликаны көріп арманыма жеткенім үшін қатты қуандым",–дейді...

Францияда "Анжелика, періштелер маркизасы" Анн және Серж Голондардың бірлесе жазған туындысы саналады. Шындығына келгенде, кітаптың мәтінін Анның өзі ғана жазған, ал Серж тарихи мәнмәтіндермен айналысады. Кітап мұқабасына Анның ғана есімі жазылатын болса, оқырмандар мұндай шығарманы әйел адам жазды дегенге сенбейтіндігін ескеріп, осындай шешім қабылданады.

Анн Голон фильм туралы былай дейді:

"Мен Ариэльді өз кәсібінің сыйлы адамы ретінде танитынмын. Оның бірнеше фильмін тамашалап, режисерлік шешімдерін ұнаттым. Ол басқалар секілді қарапайым дүние жасағысы келмейді. Менің кітаптарымды ұнататынын да білетінмін, сондықтан шүбәсіз сендім. Менің шығармамда Жофренің жасы 40-та, ал кинода 60 жаста етіп көрсетіледі. Шыны керек, оның бәрі бос нәрсе, мен тіпті назар да аудармадым. Бастысы, картинадан күш-қуаты тасыған, дуэльде жеңіске жететін, махаббатта адал еркекті көремін... Және өз рөлін мінсіз сомдайтын актерді көремін. Ол мен үшін бәрібір қылшылдаған жас! Қандай дауыс, қандай күлкі! Өзіме әрдайым "бұл Пейрак, бұл менің Жофрем" деумен боламын да, шын қуанамын..."

"Анжелика, періштелер маркизасы" – қай заманда да актуальді мәселеге айналып жүрген махаббатты, адалдықты, адамгершілікті насихаттайды. Фильмнің атауын алғаш естігенде-ақ, періште аруды көруді армандаған едік, көздегенімізге жеттік. Оқиға соңында айтылатын: "Ел-жұрттан менің өлгенім туралы хабар естісең де, өлігімді өз көзіңмен көрсең де, ешқашан сенуші болма, себебі мен өле алмайтын адаммын..." деген сөздер мәңгілік махаббаттың бар екендігін тағы бір дәлелдеп бергендей көрінді...

Автор: Айгерім Сматуллаева

Сурет: "Арман" кинотеатрынан