Шыршалар-3: "Жұртқа жасаған жақсылығың қайтып келеді"

Шыршалар-3: "Жұртқа жасаған жақсылығың қайтып келеді"

Өмірде жақсы мен жаманды қатарластыра отырып, ол туралы ойымыздың өзі үлкен рөл атқаратындығын білуіміз керек. Олар саналы немесе автоматты түрде жүзеге асып отырады. Мысалы, біреуді ренжітсек, келесіде бізді дәл солай екінші бір адам ренжітуі мүмкін. Бұны әділдік немесе бумеранг заңы деп атайды. Бумеранг заңы - әлемге ортақ құбылыстардың бірі. Бұл теорияның ертеректе де жүзеге асқандығын дәлелдейтін тарихи деректер бар. Астарында «жұртқа жасаған жақсылығың өзіңе қайтып келеді» деген тұжырым жатыр.

Сапалы да заманауи туындыларымен танылып жүрген режисер Тимур Бекмамбетовтың «Шыршалар-3» комедиялық фильмі осы тұжырымды баяндайды. Аталған фильм 2013 жылы Ресей мемлекетінде түсірілген. Алғашқы көрсетілімін күні кеше сайтымыздың тілшілері тамашалап қайтты. 

Жаңа жыл қарсаңында бірнеше отбасында болып жатқан оқиғаларды қатар бейнелейтін комедия басынан соңына дейін еріксіз күлуге мәжбүрлейді. Екі жыл із суытып, көрермендерімен қайта қауышқан "Шыршалар-3" фильмінің басты актерлері Боря мен Женя балаларының арқасында Жаңа жылды жындыханада қарсы алады. 

Келесі кейіпкеріміз - ата-анасының жануарлар махаббатын мойындамағанына ренжіген Настя қыз. 

Сүйіктісінің әжесімен бірге тұрып жатқан бозбалалар қыр асып Отан қорғауға аттанады. Барлығына жақсылық жасаймын деген Оля түрмеге түседі. Ал жануарлардың махаббат сезімін адамдардан артық түсініп, ол үшін аянбай күресетіндігі жүректі шымырлатады. Ең бастысы махаббат пен мейірімділік барлық қиындықтарды жеңіп шығады.

Жиналған қауым фильм барысында ерекше әсерге бөленіп, күйбең тірліктен бір сәтке болсын алыстағандай болды. Жақындарымызбен өткізетін уақыттың төлемақысы жоғары жұмыстардан да бағалы екендігін түсінді. Жұртқа тек жақсылық жасауға үгіттейтін фильмнің басты рөлдерін Иван Ургант, Сергей Светлаков, Александр Петров, Сергей Газаров, Гоша Куценко, Валентин Гафт, Татьяна Догилева, Петр Федоров, Александр Головин сынды актерлер сомдады.

Фильмді көруге кеңес береміз. 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Қарлыға Бүйенбай

Қ. Бүйенбай