Бүгін "Күләш" тарихи сериалының премьерасы болады

Бүгін "Күләш" тарихи сериалының премьерасы болады

Қазақстандықтар бүгін, яғни 23 желтоқсан күні "Хабар" арнасынан "Күләш" атты тарихи сериалдың премьерасын тамашалай алады. Бес сериядан тұратын бірегей картина аты аңызға айналған қазақ опера әншісі Күләш Байсейітова туралы болмақшы.

Сериалда басты рөлді сыртқы келбеті Күләш Байсейітоваға ұқсайтын актриса Айгерім Уалжанова сомдайды.

"Күләш" телесериалы – "Хабар" агенттігінің кезекті жобасы. Тарихи фильмді түсіру туралы идеяның авторы да – осы агенттіктің ұжымы екен. Сценарий авторы – Тимур Жақсылықов болса, продюсері – Баян Есентаева.

Ретро-атмосфераны құру үшін сериалдың түсірілім жұмыстары Орал қаласында жүргізілген. Ал еңбектің басым бөлігі киім суретшілеріне тиесілі, себебі, олар басты кейіпкер үшін 30-дан астам киім үлгісін ойлап тапқан. Сондай-ақ, мұражайларда сақталған көне заттар да қолданылып отыр.

Фильмде Күләш апамыздың дауысымен ән салатын – Астана опера театрының солисі Жәмилә Жарқымбаева. Әрине, мұрағаттағы жазбалар да пайдаланылған.

Күләш Байсейітова

Сериалдағы әрекеттер Алматыдағы 20-30-шы жылдардан басталады. 17 жастағы Гүлбахрам атты (Күләш Байсейітова) бойжеткен Алматы педагогикалық техникумында білім алып жүр. Студенттік кезеңде ару қыз өте белсенді және әртүрлі музыкалық байқауларда ерекше дарынымен көзге түседі. Ол өте мейірімді, сыпайы және еңбекқор. Күләштің ең жақын досы – туған әпкесі Райхан. Басқа топтас құрбылары Күләшті көз тартар сыртқы келбеті мен ғажайып харизмасы үшін ұнатпайды.

Сериалда Күләштің үлкен жетістіктерге жету тарихы, өмір жолында кездескен қиындықтар, болашақ күйеуі Қанабек Байсейітовпен таныстық оқиғалары баяндалады. 

Айгерім Уалжанова, аңыз тұлға Күләш Байсейітованы сомдаушы:

"Басты рөлге шақырту – мен үшін күтпеген жағдай болды. Бірақ кездейсоқтықтың өзі кездейсоқтық емес. Мен де ән саламын. Мен оның әндерімен бойжеттім, сыртқы келбетім ғана Күләш апаға ұқсас емес, мінезі, болмысы да жақын. Тіпті құбылмалы мінезінің өзі менде бар. Қуанышты да, ойлы да бола аламын".

Баян Есентаева, сериал продюсері:

"Күләш Байсейітова тірі кезінде-ақ "қазақтың бұлбұлы" деген атаққа ие болды. Біздің өскелең ұрпақ оның қандай аңыз тұлға болғанын ұмытып бара жатқандықтан, мұндай жобалар ауадай қажет деп ойлаймын. Біздің ұжымның мойнында өте ауыр жауапкершілік және жобаны шүбәсіз етсек деген құлшыныс бар. "Хабар" агенттігі аталған сериалды тобымызға тапсырғанына өте қуаныштымын".

Айта кетейік, Баян Есентаеваның өзі сериалда жағымыз кейіпкердің рөлін сомдайтын болады.

"Күләш" сериалының трейлері:

Оқырман, сағат 21:30-да "Хабар" арнасында "Күләшпен" бірге болыңыз!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: kinostan.kz,season.kz, kapital.kz