"Жеңіс семсері" жеңіске жетті

"Жеңіс семсері" жеңіске жетті

Әсия Сүлеева мен Әнуар Райбевтың «Жеңіс семсері» («Меч победы») кинофильмі «Ертегі» («Сказка») кинофестивалінде марапатқа ие болды.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының хабарлауы бойынша, «Жеңіс семсері» аталатын картина балаларға арналған «Ертегі» кинофестивалінде аса жоғары бағаланып, сыйлыққа қол жеткізді.

«Жеңіс семсері» кинотуындысы 2010 жылдың жаз айларында Алматы және Жаркент қалалары төңірегінде түсірілген. Бұл – фантастикалық ертегі. Семсерін іздеген Арыстан батыр уақыт пен кеңістікті көктей өтіп, қазіргі заманға тап келеді. Оның семсерін ауыл баласы Айтуар тауып алған еді. Арыстан мен Айтуардың кездескен сәтінен бастап шытырман оқиғалар өрби жөнеледі. Фильм идеясы жас өскін ұрпақты Отанды сүюге, өз халқының тарихын білуге және қастерлеуге шақырады. Рөлдерде Ержан Нұрымбет, Дінмұхаммед Садыбеков, Әзиз Бейшеналиев, Бата, Болат Қалымбетов, Дариға Күшікбаева, Жайдарбек Күнғожиновтар өнер көрсеткен. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған кинофильм 2013 жылдың 28 ақпанында отандық кинопрокатқа жол тартты.

Бұдан өзге кинофестивальде қазақстандық мультфильм «Ер Төстік пен Айдаһар» да көрсетілген. «Ер Төстік пен Айдаһар» туындысын кинофестивальдің әділ-қазылар алқасы «Қызықты сюжет» деп атаған.

3 жыл бойы дайындалған мультфильм отандық кинопрокатқа 2013 жылдық 21 наурызында шыққан еді. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен жарыққа шыққан анимациялық фильм аптаның алғашқы демалысында 31,3 миллион теңге жинады. Картина режисерлері – Жәкен Дәненов пен Рүстам Тұралиев.

Анимацияның сюжеті "Ер Төстік" эпосының мазмұнына негізделген. Басты рөлдегі кейіпкерді танымал актер Дулыға Ақмолда дыбыстады. Ер Төстіктің саяхаты кезінде жол бойы көмектесіп, жәрдем еткен басқа кейіпкерлерді Азамат Қанапияев, Бейбіт Мүслимов, Ержан Түсіповтер дыбыстаған. Сонымен қатар, қазақстандық анимациялық фильмнің дыбысталуына Елдар Отарбаев, Мерей Әжібеков, Қадырбек Демесін, Лида Кәден сынды әртістер де үлестерін қосқан болатын.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: kapital.kz 

А. Әбілхан